Сенатта Қазақстан мен Қырғызстанның авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастығы мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылады.
Заңның мақсаты Халықаралық азаматтық авиация ұйымынан ұсынылған тәжірибеге сәйкес әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздеу мен құтқаруда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету болып табылады. Келісім авиациялық оқиғалар туралы өзара хабарлауға, екі тараптың іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізуге, сондай-ақ ақпарат пен тәжірибе алмасуға бағытталған.
Құжаттасонымен қатар бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге арналған құқықтық негіздер, іздестіру және құтқару аудандарының шекарасы көзделген, сондай-ақ Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар айқындалған.
Комитет мүшелері талқылау нәтижесі бойынша заңды Палата отырысында қарау туралы шешім қабылдады.