Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған заң мақұлданды

16 Ақпан 2023, 15:39
724
Бөлісу:
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған заң мақұлданды
Фото: Егемен Қазақстан

Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, бұл хаттаманы ратификациялау екі ел арасында тату көршілік қатынастарды қолдауға, өзара тиімді экономикалық және өзге де ынтымақтастықты дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әрбір қатысушы мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған келісілген шекара саясатын жүргізуге жол ашады. 

Тәуелсіздік алғалы бері көршілес әрі бауырлас екі ел арасында тығыз достық қарым-қатынас орнады. Ынтымақтастықты одан әрі нығайту Қазақстан мен Қырғызстан үшін айрықша мәнге ие. Бұл ретте бүгін мақұлданған заңның маңызы зор. Осы орайда бұл хаттама – біздің мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі, – деп атап өтті Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Заң 2019 жылғы 20 мамырда Бішкекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы тиісті құжатты ратификациялауды мақсат тұтқан.

Шекаралық өкілдер 2001 жылғы 15 желтоқсанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Шекара өкілдерінің қызметі туралы келісімнің 2-бабына сәйкес Шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттамада белгіленген Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының учаскелері шектерінде бір-бірімен ынтымақтаса отырып, өз міндеттерін орындайды. 

Соған байланысты осы Хаттамада: Қазақстан тарапынан – Алматы, Қордай және Тараз учаскелері бойынша; Қырғызстан тарапынан – Ыстықкөл, Шу және Талас учаскелері бойынша тиісті геодезиялық координаттар анықталды. Хаттаманы ратификациялау тату көршілік қатынастарды қолдауға, өзара тиімді экономикалық және өзге де ынтымақтастықты дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әрбір қатысушы мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған екі ел арасындағы келісілген шекара саясатын жүргізуге мүмкіндік береді, - деді Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров. 

Өзгелердің жаңалығы