Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жетуі керек – Смайылов

23 Қыркүйек 2023, 15:46
863
Бөлісу:
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жетуі керек – Смайылов
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Таразда өтіп жатқан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы I Өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан тарапынан іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, энергетика вице-министрлері Жандос Нұрмағанбетов, сауда және интеграция вице-министрі – Қайрат Төребаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі – Ербол Тасжүреков, сондай-ақ cыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев қатысты.

Бизнес өкілдері екі күн бойы іскерлік әріптестіктің практикалық мәселелерін, ал өңірлер – экономикалық және әлеуметтік дамудың, агроөнеркәсіптік кооперацияның және су-энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті тақырыптарын талқылады.

Әлихан Смайылов атап өткендей, форум екі Мемлекет басшыларының Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының өзара іс-қимылының жаңа форматын құру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отыр.

Бүгінгі форум екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашатынына, елдеріміздің өңірлерін жақындастырып, экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін айқындайтынына сенімдімін, — деді ол.

Премьер-Министр Қырғызстан еліміздің маңызды сауда серіктесі екенін атап өтті. Соңғы жылдары өзара сауда тұрақты түрде өсу қарқынын көрсетіп келеді. 2021 жылдың өзінде-ақ тауар айналымын $1 млрд-қа көтеру мақсатына қол жеткізілді, ал 2022 жылдың қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш тағы 19%-ға артты.

Бүгінгі таңда алдымызда бұдан да ауқымды мақсат – сауда көлемін $2 млрд-қа жеткізу тұр. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Біз оларды белсенді түрде пайдалануымыз қажет, — деді Әлихан Смайылов.

Бұл ретте екі ел арасында тиімді инвестициялық өзара іс-қимыл жолға қойылған. 2005 жылдан бері қазақстандық компаниялар Қырғызстан экономикасына шамамен $1,3 млрд инвестиция салса, өткен жылдың өзінде $200 млн-ға жуық инвестиция құйылды, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге көп.

Қазақстанда 3,5 мың бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді, өткен жылдан бері олардың қатарына 200-ге жуық жаңа компания қосылды. Біздің инвестициялық ынтымақтастығымыздың мүмкіндіктері әлдеқайда кең екені сөзсіз және біз бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға мүдделіміз, — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, бұл ретте өңірлердің ынтымақтастығы басты рөл атқарады. Қазақстанның екі облысы – Алматы мен Жамбыл ұзындығы шамамен 1200 км мемлекеттік шекара арқылы Қырғызстанның үш облысымен шектеседі. Сонымен қатар бүгінде өңіраралық және шекара маңы сауда қатынастарының түбегейлі жаңа жүйесі құрылып отыр.

Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары барысында біздің облыстарымыз ынтымақтастықты дамыту туралы алты құжатқа қол қойды. Бүгінгі форум шеңберінде екі тараптың тағы екі облысы арасында бауырластық байланыстар орнатылып отыр, — деді Әлихан Смайылов.

Осы тұрғыда Үкімет басшысы I Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу орны ретінде таңдалған Жамбыл облысының маңызы ерекше екенін атап өтті. Жамбыл облысы арқылы логистикалық бағыттардың негізгі бөлігі өтеді. Сонымен қатар өңірде қырғыз тарапының қатысуымен ашылған кәсіпорындардың тең жартысы тіркелген.

Өзінің кіріспе сөзінде Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Қазақстан мен Қырғызстанды көп ғасырлық берік достық пен бауырластық, ортақ тарих, мәдениет және рухани құндылықтарға негізделген тату көршілік қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

Форум өзара тиімді жаңа жобалар мен бастамалармен ерекшеленіп, экономикалық, сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға, елдеріміздің өңірлері арасындағы іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге серпін беретініне сенімдімін, — деді ол.

Ақылбек Жапаров өңіраралық ынтымақтастық әрқашан екі ел үкіметтерінің назарында екенін атап өтті.

Облыстар мен қалалар арасындағы тікелей байланыс, өңіраралық достық пен ынтымақтастықты нығайту – қырғыз-қазақ мемлекетаралық байланыстарының маңызды құрамдас бөлігі. Өңіраралық диалогты кеңейту елдеріміздің стратегиялық әріптестігіне қосымша оң әсер етеді. Біз аймақтағы көлік-логистика, су-энергетика және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға зор маңыз береміз. Бұл тұрғыда Өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешеннің құрылысы қолда бар сауда-логистикалық әлеуетті жоғары тиімділікпен пайдалануға мүмкіндік береді, — деді ол.

Форумның пленарлық отырысы барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қырғыз Республикасы Президентінің Талас облысындағы уәкілетті өкілі Нұрлан Дарданов пен Ыстықкөл облысындағы уәкілетті өкілі Иляз Иманбетов те сөз сөйледі.

Келесі кезекте екі елдің Үкімет басшылары Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы хаттамасына, ал Шымкент және Ош қалалары, Ақтөбе және Жалал-Абад облыстары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандумдарға қол қойды.

Сонымен қатар форумның екі күнінің қорытындысына сәйкес құс етін, медициналық және кондитерлік өнімдерді, кешенді микротыңайтқыштарды, аммофосты, натрий цианидін, әктас пен тақтатастарды жеткізуді, сауда және делдалдық қызметтер көрсетуді, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен банк саласындағы бастамаларды іске асыруды көздейтін $65 млн-нан астам сома көлеміндегі бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы