Құрылтай «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Құжат екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтай отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, келісімге 2024 жылғы 29 қазанда Доха қаласында екі елдің ішкі істер министрлері қол қойған.
Келісімнің негізгі мақсаты – мемлекеттердің құзыретті органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыруға құқықтық негіз қалыптастыру.
Құжат аясында Қазақстан мен Қатар ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа, заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы бірлесіп күреседі. Сондай-ақ тараптар жедел ақпарат алмасып, озық тәжірибелерімен бөліседі, – деді ІІМ өкілі Құрылтайда.
Санжар Әділов келісімде ұлттық заңнаманың мүддесін қорғайтын бірқатар шектеу қарастырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін болса, сондай-ақ ұлттық заңнамаға қайшы келсе, тараптар құқықтық көмек көрсетуден бас тарта алады.
Бүгінде Қазақстан осындай келісімдерді әлемнің 23 мемлекетімен жасасқан. Олардың қатарында Франция, Италия, Қытай, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері бар.
Министр орынбасарының сөзінше, келісімді ратификациялау Қатармен де осындай ынтымақтастықты жолға қоюға және халықаралық нормаларды ескере отырып, өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.