Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізді.
Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен (биылғы 6 желтоқсан) өткен келіссөздерінің, сондай-ақ Ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 19-отырысының (биылғы 26 қараша) қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарады.
Сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, су-энергетика, өнеркәсіптік кооперация, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және басқа да салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Ынтымақтастықтың әрбір бағыты бойынша екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының басшылары баяндама жасады.
Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70%-ға жуығы тиесілі.
2021 жылдың 10 айында екіжақты сауда көлемі $3,26 млрд құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 29,8%-ға жоғары. Сондай-ақ бұл көрсеткіш 2019 жылдың 10 айымен салыстырғанда 10,6%-ға жоғары.
Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт көлемі 2020 жылдың 10 айымен салыстырғанда 31,6%-ға ұлғайып, $2,37 млрд құрады. 2019 жылдың 10 айымен салыстырғанда көрсеткіш 34,3%-ға артты.
Экспорттың өсуінің негізгі драйверлері ауыл шаруашылығы және АӨК (+17%), мұнай өңдеу секторы (2,2 есе), металлургия (+99,3%), автомобиль жасау (+28,3%) өнімдері болды.
Өзара сауда көлемін қысқа мерзімді кезеңде $5 млрд дейін және орта мерзімді перспективада $10 млрд дейін жеткізу міндеті қойылды. Екі елдің шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Премьер-министр өнеркәсіптік кооперация, су энергетикасы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының жоғары серпінін атап өтті.
Қазақстанның Өзбекстанмен өзара іс-қимылының жоғары деңгейіне транзиттік көлік саласында қол жеткізілді – теміржол инфрақұрылымын – «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты жолаушылар магистралін және «Дарбаза – Мақтаарал – Жизақ» теміржол желісін дамыту, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі бірлескен ірі жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жүктерді тасымалдау үшін қолайлы тарифтік саясат қалыптастырылды. Биылғы жылдың 11 айында ҚР мен ӨР арасындағы теміржол тасымалының көлемі 22,7 млн тоннаны құрады.
Екі елдің қоршаған ортаны қорғау, су және орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы дамуда. Бірлескен күш-жігермен вегетациялық кезеңде Тоқтоғұл және Қайрақұм су қоймаларынан қосымша су ағызылды, бұл ҚР мен ӨР ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етті. Арал теңізінің өзекті экологиялық проблемаларын шешу, бүкіл Арал маңының әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау бойынша бірлескен жобалар іске асырылып жатыр.
Жыл қорытындысы бойынша біз айтар-элықтай нәтижелерге және маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Мемлекеттеріміздің басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік дамудың жоғары серпінін көрсетіп отыр, — деді Асқар Мамин.