Қазақстан мен Өзбекстанның экология саласындағы заң талқыланды

16 Қазан 2024, 20:45
321
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстанның экология саласындағы заң талқыланды
Фото: сенат

Сенаторлар Қазақстан мен Өзбекстанның экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығы туралы заңды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылады.

Келісім Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжат екі елдің достық қарым-қатынастарын нығайтуға ықпал етеді. Ол негізгі экологиялық бағыттарды қамтиды, оның ішінде ауа мен судың ластануының алдын алу және бақылау, қатты тұрмыстық және қауіпті қалдықтарды басқару, биологиялық әртүрлілікті сақтау, экожүйені азып-тозудан қорғау және құмды дауылдардың алдын алу және климаттың өзгеруіне бейімделу де бар.

Құжат сонымен қатар Арал бассейнінің экологиясын жақсарту бойынша бірлескен шараларды және шекара маңындағы аумақтардағы қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат алмасу тәртібін әзірлеуді көздейді.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы