Қазақстан мен Өзбекстан сотталған азаматтарды жазасын елде өтеу үшін өзара бере алады

9 Ақпан 2023, 13:06
1072
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстан сотталған азаматтарды жазасын елде өтеу үшін өзара бере алады
Фото: azattyq-ruhy.kz

Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөз жүргізілген. 

Нәтижесінде екі тарап ортақ келісімге қол жеткізді. Қазір Қазақстандағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде 486 Өзбекстан азаматы жазасын өтеуде. Бұл елімізде осындай жазаға тартылған шетел азаматтарының жартысын құрайды. Ал Өзбекстанда 20 Қазақстан азаматы жазасын өтеп жатыр. Мұндай шарттардың әлеуметтік тәрбиелік мәні зор. Көп жағдайда өзге елде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілін, салтын білмейді. Ортасы бөлек болғасын адамдармен қарым-қатынас қиындайды. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болғасын ондай адамды қоғамға қайта бейімдеу оңай болмайтыны белгілі. Отбасынан қол үзбей жақындарымен кездесіп тұрса, бұл жағдай сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз, - деп атап өтті құзырлы орган басшысының орынбасары. 

Шартта сотталған адамды берудің және бас тартудың негіздері көзделген. 

Сотталған адам мына жағдайда беріледі:

Егер ол екі елдің бірінің азаматы болса, 

Оның әрекеті екі мемлекетте де қылмыстық деп саналса,

Кемінде 1 жыл жазасын өтейтін уақыты қалса,

Екі ел де сотталған адамды беруге келіссе.

Сондай-ақ төмендегі жағдайда берілмейді:

Егер мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, 

Ұлттық заңнамаға қайшы келсе,

Қаржылай қарыздары болса,

Сот процесі немесе тергеу әлі жүргізіліп жатса. 

Сотталғандар еркінен тыс еліне берілмейді. Себебі, шарттың басты талабының бірі – сотталған адам жазасын өз елінде өтеу туралы ниет білдіріп, өтініш беруге тиіс. Шартты ратификациялау біздің де, көрші елдің азаматтарының Конституциялық құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Әсет Шындалиев. 

Өзгелердің жаңалығы