Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік кеңестері арасында кеңейтілген консультациялар өтті

25 Қазан 2019, 18:39
1771
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік кеңестері арасында кеңейтілген консультациялар өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы қауіпсіздік кеңестері аппараттары арасында кеңейтілген жоспарлы консультациялар өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов пен Өзбекстан Республикасы президентінің жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов төрағалық еткен келіссөздер барысында екі мемлекет ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды", - делінген хабарламада.

Тараптар әлемдік және өңірлік қауіпсіздік, Орталық Азиядағы қазіргі қауіп-қатерлер, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда ынтымақтастық бойынша пікірлерін білдірді.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында да өзара әрекеттестік мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

"Екі мемлекеттің экономикалық жүйелері мен халықтар үшін маңыздылығына байланысты трансшекаралық өзендердің пайдалануы мен қорғау саласындағы ынтымақтастықтың аспектілері қаралды", - деп хабарлады Ақордада.

Сонымен қатар, шараның күн тәртібіне әскери және әскери-техникалық саласындағы өзара әрекеттестік мәселелері енгізілді.

Кездесу нәтижесінде 2020-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі аппараты Өзбекстан Республикасы президентінің жанындағы Қауіпсіздік Кеңесі аппараты арасындағы ынтымақтастық жоспары келісіліп, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. 

Өзгелердің жаңалығы