13 сәуір күні цифрлық рұқсат бланкісін пайдалана отырып алғашқы машина Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шекараны кесіп өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Екі елдің көлік министрліктерінің өкілдері рұқсат бланкілерімен электрондық форматта алмасу үрдісін іске қосты. Үшінші елдерге/елдерден жүктерді электронды түрде тасымалдауға арналған рұқсат бланкілері Атамекен, Б.Қонысбаев, Қазығұрт, Қапланбек және Тәжен өткізу пункттерінде автокөлік құралдарының мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттеріне іс жүзінде кіруі бойынша берілетін болады.
Екі елдің автотасымалдау саласындағы аталған маңызды шара логистикалық процестерді едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалын тиімдірек етеді.
Мұндай инновациялар уақытты үнемдеуге және алыпсатарлық мәселелерін болдырмауға көмектеседі деп күтілуде.
Отандық тасымалдаушыларға электрондық рұқсаттар беруге өтініштерді қабылдауды ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдары CarGoRuqsat электрондық кезегінің автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асыратын болады. Ол үшін төмендегі құжаттардың болуы шарт:
1) электрондық кезек жүйесінде тіркелу;
2) көлік құралдарына арналған құжаттар;
3) шетелдік рұқсатты қолдану арқылы/қолданусыз рұқсат куәлігі;
4) шетелдік рұқсатты қолдану арқылы/қолданбай көлікке рұқсат карточкалары;
5) ҚР аумағынан шыққаны үшін алым сомасын бюджетке төлеу.