Ғылым және жоғары білім министрі мен Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс кездесуінің күн тәртібі – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кореяның университеттері, ғылыми институттары арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ Түркістан облысында Woosong University филиалының ашылуы.
Қонақтарды қарсы алу барысында Саясат Нұрбек өз алғысын білдіріп, ведомствоның ғылым және жоғары білім саласындағы Қазақстан-Корей ынтымақтастығын дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.
Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім беру саласында жүргізіп жатқан реформаларын, жобаны таныстырып, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуына, «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктеріне тоқталды.
Корея, шын мәнінде, орта державаның тамаша үлгісі. Корей университеттері соңғы онжылдықтарда айтарлықтай жетістіктерге жетті, әсіресе KAIST – Кореяның ғылым мен технологияның озық институтын айтар едім. Біз ынтымақтастық үшін корейлік ЖОО-ның тізімін кеңейткіміз келеді, осы мақсатта fellowship program-ды іске қостық. Бұдан басқа, "Болашақ" халықаралық стипендиясы бар, оның аясында біз зерттеушілерімізді әлемнің жетекші оқу орындарына жібереміз. Бірнеше корей институттарымен, зертханаларымен жұмыс істегенде бізге сіздің қолдауыңыз қажет болады, - деді Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде ҚР-дағы Корея Республикасы елшілігінің өкілдері Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары білім беруді интернационалдандыру бойынша жүргізіп жатқан жұмысын жоғары бағалады.