Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан мен Мексика арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуына 27 жыл толды.
Қазақстан Мексиканы Латын Америкасы мен Кариб бассейні өңіріндегі негізгі саяси және экономикалық серіктестердің бірі ретінде қарастырады. Өз кезегінде, Мексика басшылығы Қазақстанды Орталық Азиядағы тұрақтандырушы фактор ретінде қарастырады және еліміздің соңғы жетістіктерін назарға ала отырып, ұзақ мерзімді перспективада екіжақты өзара қарым-қатынастарға аса маңыздылық береді.
Мексиканың біздің елге деген оң көзқарасы БҰҰ шеңберіндегі Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын тұрақты қолдаумен расталады. Мексика ЛАКБ елдері арасында алғашқылардың бірі болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне, сондай-ақ 2014-2016 жылдарға арналған БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік Кеңесіне Қазақстанның кандидатурасын қолдады.
Қазақстанның Мехикодағы Елшілігі 2014 жылы ашылды. 2015 жылдан бастап Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Андриан Елемесов, ал Мексиканың Қазақстандағы Елшісі (резиденциясы Анкарада орналасқан) Хосе Луис Мартинес Эрнандес болып табылады.
Мексика тарапының бастамасы бойынша 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мексика Президенті Энрике Пенья Ньето екі елдің жақындасуына бастау алған екі кездесуі екіжақты өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.
Нұр-Сұлтан мен Мехиконың жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары көп жағдайда ұқсас. Мексика үшін ядролық таратпау мәселесі ерекше маңызға ие. Мексика, сондай-ақ Қазақстан сияқты, аймақтың 33 мемлекетін біріктіретін Латын Америкасында және Кариб бассейнінде ядросыз аймақ құрудың бастамашысы болып табылады. Ұстанымдардың ұқсастығын ескере отырып, Нұр-Сұлтан мен Мехико ядролық қарусыздану мен таратпау процесі аясында қомақты үлес қосуда.
Мексика ірі әлемдік экономикалары арасында 15-ші орынға ие.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық дәстүрлі түрде екіжақты өзара іс-қимылдың басты қозғаушы күші болып қала береді. 2018 жылы екі жақты сауда деңгейі 79,6 млн АҚШ долларына дейін көтерілді.
2017-2018 жж. аграрлық, энергетикалық, тау-кен металлургия салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірген бірқатар мексикандық кәсіпкерлер топтары Қазақстанға сапармен барды. Атап айтқанда, Қазақстанда кен орындарын, кеніштерді сатып алуға және осы салаларға инвестиция құюға мүдделілік бар. Сонымен қатар, мексикалық бизнесмендер 2019 жылы 4-6 мамырда Нұр-Сұлтан өтетін «Ұлттық өнім - 2019» атты қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылардың көрмесіне қатысуға ниетті.