Қазақстан мен Мажарстан жан-жақты ынтымақтастықты арттыруға ниетті

22 Қараша 2023, 05:17
467
Бөлісу:
Қазақстан мен Мажарстан жан-жақты ынтымақтастықты арттыруға ниетті
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Премьер–Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ресми сапары аясында Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен екіжақты келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-мажар ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективаларын, халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады.

ҚР СІМ басшысы Астана мен Будапешт барлық деңгейде мазмұнды саяси диалог орнатқанын атап өтті. «Мажарстан – біздің жақын одақтасымыз, сонымен қатар бізбен стратегиялық серіктестік орнатқан Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы жалғыз ел. Бізді саяси және экономикалық мүдделер ғана емес, ортақ тарихи тамырлар, туыстық және бауырластық қатынастар біріктіреді», – деді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде П.Сийярто өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша елдер арасындағы қалыптасқан серіктестіктің жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтті. 

Біз серіктестігіміздің өзекті бағыттарын дамытуға дайынбыз және осы үшін бар күшімізді саламыз. Мажарлық компаниялардың Қазақстанда жақсы мүмкіндіктері бар», – деді Мажарстанның министрі.

Келіссөздерде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар елдер арасында іске асырылмаған әлеуеттің бар екендігін атап өтіп, нақты бірлескен жобаларды пысықтау бойынша белсенді өзара іс-қимылға дайындығын растады.

Соңғы 20 жылда Мажарстаннан Қазақстанға 300 млн АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика сияқты салаларда 490 млн доллары сомасына инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Қазақстан іс жүзіндегі және жаңа жобаларды толығымен қолдап, мажар бизнесінің одан әрі табысты қызметі үшін қолайлы жағдай қамтамасыз етуге дайын.

Келіссөздер күн тәртібіндегі жекелеген тармақ қазақстандық студенттерді Мажарстанда оқыту мәселесі болды, атап айтқанда, техникалық мамандарды даярлау қажеттілігіне баса назар аударылды. Мажарстан жыл сайын біздің студенттерді оқытуға 250 грант бөлетіні және бүгінде Мажарстан жоғары оқу орындарында 1 мыңнан астам қазақстандық оқитыны аталып өтті.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстан өзара іс-қимыл жасайтын және өз күш-жігерін үйлестіретін бірқатар халықаралық сипаттағы мәселелерді талқылады, оның ішінде ҚР азаматтары үшін Еуроодақтың визалық режимін жеңілдету мәселесі де бар. Саяси диалог халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдардың жақындығын тағы да растады.

Сыртқы істер министрлері келіссөздер қорытындыларына қанағаттанушылықтарын білдіріп, екі елдің жемісті ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге сенім білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Мажарстан Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған жұмыс жоспарына қол қойды.

Сол күні ҚР Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу MOL Group Мажарстан мұнай-газ компаниясының президенті Жолт Хернадимен кездесті. Тараптар компанияның Қазақстандағы табысты қызметін, атап айтқанда Батыс Қазақстан облысындағы «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орнын жақын арада іске қосу мәселесін талқылады.

Өзгелердің жаңалығы