Франция Сенатында ү.ж. қарашада Франция президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға ресми сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Францияның одан әрі ынтымақтастығын дамыту перспективаларына арналған дөңгелек үстел өтті.
Спикерлер ретінде Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, сенатор Жан Энгрей, Француз халықаралық қатынастар институтының (IFRI) қауымдастырылған сарапшысы Микаэль Левистоун және Кюри институтының халықаралық бюросының басшысы Алексис Бюрно сөз сөйледі.
Қазақстан Елшісі Г. Арыстанқұлова өз сөзінде Қазақстан-Франция стратегиялық серіктестігінің Астанада жоғары деңгейде сәтті өткен келіссөздерден кейін даму перспективалары жөнінде айтып берді. Саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды.
Қазақстандық дипломат екі мемлекеттің бірқатар жаһандық мәселелерді шешуде, атап айтқанда климаттық өзгерістерге қарсы күресте күш-жігерді біріктіруге бейілділігін атап өтті. Осыған байланысты, қатысушылардың назарын 2024 жылы Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде су мәселелеріне арналған One Water Summit халықаралық конференциясын өткізу туралы қазақ-француз бастамасына аударды. «One Water Summit»-ті бірлесіп ұйымдастыру туралы уағдаластыққа Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макронның Астана қаласындағы келіссөздері барысында қол жеткізіліп, Дубайда өткен COP28 Дүниежүзілік климаттық саммитте мемлекет басшылары жариялады.
Өз кезегінде, Вогезы департаментінің сенаторы Ж. Энгрей Францияның Орталық Азия өңірдегі алғашқы және жалғыз стратегиялық серіктесі ретіндегі еліміздің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол екі елдің Сенаттары арасындағы дәстүрлі тығыз байланыстар туралы және жалпы парламентаралық диалогтың белсенді дамуын баса айтты. Сонымен қатар, сенатор орталықтандырылмаған ынтымақтастықты кеңейтуге, атап айтқанда, екі елдің жергілікті билік органдары арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстан мен Францияның жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға қолқабыс көрсетуге дайындығын жеткізді.
М. Левистоун Бесінші республикамен қарым-қатынастағы негізгі жетістіктерді көрсете отырып, Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің дамуына қысқаша талдау жасады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Франция арасындағы, оның ішінде сауда-экономикалық саладағы белсенділіктің неғұрлым жоғары көрсеткіштеріне аса назар аударды. Сонымен қатар, сарапшы Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен үдемелі дамуын, сондай-ақ ел басшылығының сыртқы саясатта жүргізіп жатқан ұтымды көпвекторлы стратегиясын атап өтті. М. Левистоунның пікірінше, Қазақстанның демократияландыру және саяси жаңғырту саласындағы күш-жігері, сондай-ақ жалпыға бірдей танылған қағидаттар мен құндылықтарға бейімділігі ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымдарға төрағалық етуге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметін, сондай-ақ АӨСШК сияқты өңірлік және басқа да халықаралық бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
А. Бюрно Франция президентінің Астанаға сапары барысында денсаулық сақтау саласында қол қойылған 10-ға жуық келісім ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін беретінін айтты. Француз тарапының елімізбен серіктестікті онкологиялық ауруларды емдеу, телемедицинаны енгізу, функционалдық реабилитацияны дамыту, кадрларды дайындау және басқа салаларда күшейтуге қызығушылығын білдірді.
Іс-шара соңында қатысушылар мен спикерлер Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, яғни БАҚ, білім беру, туризм және денсаулық сақтау салалары төңірегінде, сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықтың жекелеген аспектілері мен Қазақстанның Еуропалық одақпен кеңейтілген әріптестігінің жай-күйі мен келешегі бойынша пікір алмасты.