Қазақстан мен Еуропалық Одақ екіжақты және өңірлік форматтағы ынтымақтастықты нығайтуда

23 Тамыз 2023, 00:39
735
Бөлісу:
Қазақстан мен Еуропалық Одақ екіжақты және өңірлік форматтағы ынтымақтастықты нығайтуда
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Сыртқы істер комитетінің (AFET) төрағасы Дэвид Макаллистер (Германия) бастаған Еуропалық Парламенттің (ЕП) делегациясымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл кездесу Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты және өңірлік әріптестікті нығайтудағы жаңа қадам болды.

ҚР СІМ ғимаратында өткен іс-шарада AFET комитеті төрағасының орынбасары Желяна Зовко (Хорватия), еуродепутаттар Георге-Влад Нистор (Румыния), Клемен Грошель (Словения), Карстен Люке (Германия), Юозас Олекас (Литва), Манолис Кефалояннис (Грекия) және Еуропарламенттің бірқатар жетекші партиялық топтарының саяси кеңесшілері қатысты.

Тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі екіжақты саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, сондай-ақ көлік және логистика, энергетика салалардағы өзара әрекеттесуін, оның ішінде Орта дәліздің дамуын талқылады. Сонымен қатар аса маңызды шикізат материалдар және «жасыл» сутегі сияқты жаңа перспективалық тауашалар талқыланды.

Министрдің орынбасары Қазақстанның Еуропалық Одақпен жақындасуына ықпал ететін еліміздің азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы ресми консультацияларды ең жақын арада бастаудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар парламентаралық қатынастар дамуының оң динамикасына да қанағаттанушылық танытты. 

Еуропарламент Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымын дамытуда аса маңызды рөл атқара алады, сонымен қатар Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі біздің күш-жігерімізді қолдай алады, – деп атап өтті Р.Василенко.

Өз тарапынан Д.Макаллистер ҚР мен ЕО арасындағы саяси диалогтың жай-күйіне жоғары баға беріп, екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша тараптар арасындағы тұрақты және қарқынды өзара іс-қимылды құптады. 

Қазақстан Еуроодақтың Азияға жол аша алатын өңірдегі сенімді әрі тұрақты серіктесі. Орталық Азия Еуропа үшін маңызды. Ал Еуропа Орталық Азия үшін маңызды, – деді еуропалық саясаткер.

Сонымен қатар, өзекті өңірлік және халықаралық сын-қатерлер, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай бойынша пікір алмасу өтті.

Атап өтетін жайт: Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Қазақстандық сыртқы сауда мен шетелдік инвестициялардың 30%-дан астамы ЕО үлесіне жатады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд АҚШ доллар құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары. Ағымдағы жылы 6 айдың ішінде сауда көлемі 0,3%-ға ұлғайып, 20 млрд АҚШ долларынан асты.

2022 жылы Еуроодақтан Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі 23%-ға өсіп, 12,5 миллиард АҚШ долларға жетті, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болды.

Өзгелердің жаңалығы