Қазақстан мен ЕАЭО бірыңғай кедендік транзит жүйесіне көшеді

ЕАЭО елдерінде кеден рәсімі толық цифрландырылады.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:09
Бүгiн 2026, 12:09
145
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

ЕАЭО кеңістігінде бірыңғай транзит жүйесін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сенаторлар пленарлық отырыста «Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды ратификациялады.

Депутат Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, бұл құжат Қазақстан мен ЕАЭО-ға мүше елдердің көлік-логистика жүйесін ауқымды жаңғыртуға бағытталған.

Осы Келісімді ратификациялау нарықтың барлық қатысушылары үшін сапалы жаңа, ашық әрі тұрақты ойын ережелерін қалыптастырады, бұл бізге елдің транзиттік әлеуетін барынша тиімді іске асыруға және оның еуразиялық кеңістіктегі негізгі құрлықтық көпір ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді, - деді сенатор.

Сондай-ақ заң бірыңғай транзиттік декларацияны тек электронды форматта енгізу, электронды декларациялауға көшу және кедендік операцияларды жүргізудің ортақ тәртібін қалыптастыру артық бюрократиялық рәсімдерді азайтады.

Бұл келісімде жүйені алдағы уақытта кеңейту тетігі де қарастырылған. Құжаттағы “үшінші тараптар” ұғымына ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттермен қатар, ірі халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер де жатады. Олармен бірыңғай транзит жүйесін құру жай декларативті сипатта болмайды. Келісімнің 3-бабына сәйкес, кез келген үшінші тарапты жүйеге қосу үшін Одақтың қатаң құқықтық стандарттарын қабылдауға дайын болуы шарт. Бұл транзиттік декларация нысандарын, жүк операцияларының талаптарын және кеден органдары шешімдерінің өзара мойындалуын қамтиды. Біз сыртқы нарықтарға бейімделіп қана қоймай, үшінші елдерге бірыңғай, тексерілген әрі қауіпсіз технологиялық стандарт ұсынып отырмыз, – деді Бекбол Орынбасаров.

Тағы бір маңызды жаңалық – кедендік баждар мен салықтарды төлеу міндеттемесін бірыңғай қамтамасыз ету тетігін енгізу. Бұл механизм жүктің бүкіл бағыты бойынша әрекет етеді. Нәтижесінде әр транзиттік елде төлемді қайта төлеу қажеттілігі жойылып, кәсіпкерлерге түсетін қаржылық салмақ азаяды.

Маршруттарды оңтайландыру және шекарадағы кідірістерді қысқарту бизнестің жалпы логистикалық шығындарын 15–30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, уәкілетті экономикалық операторларға арнайы жеңілдіктер беру жүк тасымалының жылдамдығын арттырып, уақыт үнемдеуге ықпал етеді, – деді сенатор.

Айта кетілгендей, бірыңғай транзит жүйесін енгізудің әсері тек көлік саласымен шектелмейді.

Жүк тасымалының артуы негізгі магистральдар бойындағы отандық шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Соның арқасында жаңа тамақтану орындары, техникалық қызмет көрсету станциялары, жанармай құю кешендері мен қонақүйлер ашылады. Бұл азаматтар үшін мыңдаған жаңа жұмыс орнының құрылуына, халықтың әл-ауқатының артуына және өңірлік байланыстың дамуына ықпал етеді. Ал мемлекет үшін салық базасының кеңеюіне, бюджет кірісінің тұрақты толығуына және экономикаға ірі шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді депутат. 

Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.

Наверх