Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанға ресми сапармен келген Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен көпжақты алаңдар аясындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары саяси байланыстардың, оның ішінде парламентаралық өзара іс-қимылдың және екі елге екіжақты, өңірлік әрі халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тұрақты түрде пікір алмасуға мүмкіндік беретін саяси консультациялар тетігінің дәйекті дамуын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Қазақстан Бразилияны Латын Америкасындағы негізгі әрі сенімді серіктес ретінде қарастырады. Бүгінгі келіссөздер ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілікті растады, – деп атап өтті Е.Көшербаев.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар 2025 жылы 295 млн АҚШ долларын құраған тауар айналымының оң серпінін атап өтіп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және инвестициялар салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін айтты.
Халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін көлік-логистикалық әлеуеттің стратегиялық маңызына да ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Бразилия тиісінше Еуразия мен Латын Америкасына өзара «қақпа» бола алады.
Халықаралық күн тәртібі аясында Қазақстан мен Бразилия халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге бейілділігін растады, сондай-ақ жаһандық климаттық күн тәртібі мәселелері бойынша ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті.
Осы тұрғыда Қазақстан Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымы аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын ұсынды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қазақстан-бразилиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екіжақты серіктестікті дамытуға жаңа серпін беруге сенім білдірді.
Сапар аясында екі елдің жетекші іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылып, оның барысында B2B және B2G форматтарындағы кездесулер өтті. Қатысушылар жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және цифрлық технологиялар секілді басым бағыттардағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша екі елдің Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында мал шаруашылығы саласындағы, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен «ApexBrasil» Экспортты дамыту агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.