Қазақстан мен АҚШ ұшу қауіпсіздігі туралы келісімге қол қойды

4 Сәуір 2024, 21:25
404
Бөлісу:
Қазақстан мен АҚШ ұшу қауіпсіздігі туралы келісімге қол қойды
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен АҚШ Федералды авиация әкімшілігі арасында ұшу қауіпсіздігін алдын ала халықаралық бағалауды (IASA) жүргізу туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетімен және Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігімен бірлесе отырып әрі ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен АҚШ Федералды авиациялық әкімшілігімен ұшу қауіпсіздігі бойынша алдын ала халықаралық бағалауды (IASA) өткізу туралы келісімге қол қойды.

Құжатта өзара ақпарат алмасу, техникалық көмек және әлеуетті арттыру шараларын қоса алғанда, IASA алдын ала бағалау процесіне бағытталған бірлескен тәсілдер қарастырылған. Аталған келісім Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру бойынша Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, Азаматтық авиация комитеті және Федералды авиациялық әкімшілігі арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде,- деп жазды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Алдын ала бағалау шеңберінде IASA Федералды авиациялық Әкімшілігі авиакомпаниялары ұшуға өтініш берген, АҚШ-қа ұшатын немесе америкалық әуе компанияларының кодшер бойынша келісімшартына қатысатын елдердің азаматтық авиация органдарының ИКАО-ның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық стандарттарын сақтауын бағалайды.

IASA-ны алдын ала бағалау бұдан әрі Федералды авиациялық әкімшілігінің 1-санаттағы мәртебесін алуға бағытталған және тиісті әуе кемелері болған кезде Қазақстан мен АҚШ арасындағы отандық әуе компанияларына тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүмкіндік береді.

Келісім ҚР авиация билігінің ұшу қауіпсіздігінің ең жоғары стандарттарын сақтауға ұмтылысын айқындап, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы байланыстар мен экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал ететін болады.

Өзгелердің жаңалығы