Қазақстан мен АЭХА 2036 жылға дейінгі ынтымақтастықтың Жол картасына қол қойды

Қазақстан мен АЭХА 2036 жылға дейінгі ынтымақтастықтың Жол картасына қол қойды.

 gov/kz Кеше 2026, 22:50
Кеше 2026, 22:50
221
Фото: gov/kz
 
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан Республикасына жұмыс сапары барысында келген Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Мари Гроссимен кездесу өткізді.
Келіссөздер Қазақстан мен АЭХА арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы стратегиялық әріптестікті жоспарлы дамыту шеңберінде өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ ядролық энергетика, ядролық медицина, ғылым және кадрлар даярлау саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруды талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша 2036 жылға дейінгі кезеңге Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі мен АЭХА арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Құжат екі тарап арасындағы ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындайды және атом өнеркәсібінің негізгі бағыттары бойынша бірлескен жобаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін нақты негіз жасайды.

Бүгінгі кездесу – АЭХА-ның 69-сессиясы барысында қол жеткізілген келісімдердің жалғасы. Сол кезде атом саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге арналған Жол картасын әзірлеу және оған қол қоюға дайындық расталған болатын. Бүгін қол қойылып отырған құжат ортақ келісімдерден нақты іс-қимылға көшуді білдіреді және 2036 жылға дейінгі кезеңге арналған бірлескен басым бағыттарды жүйелі түрде іске асыруға негіз болады, – деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.

АЭХА-мен Жол картасына қол қою Қазақстанның АЭХА стандарттары мен тәсілдеріне сәйкес тұрақты, қауіпсіз және заманауи атом саласын қалыптастыруға бағытталған дәйекті бағытын көрсетеді.

Қазақстан халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен АЭХА ұсынымдарын қатаң сақтай отырып, атом энергетикасын дамытуда жауапты әрі жүйелі ұстаным танытып келеді. Саяси қолдау мен қоғам тарапынан көрсетіліп отырған сенім елдің ядролық-энергетикалық бағдарламасын одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастырады, – деп атап өтті АЭХА басшысы.

Қазақстан АЭХА-ның бейбіт атомды дамыту мәселелеріндегі негізгі халықаралық әріптес ретіндегі рөлін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді және жүйелі негізде өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге бейілділігін растайды.

Наверх