Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан мектептерінде смартфон қолдануға қатысты ортақ ереже енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтегі брифинг барысында журналист министрден мектептерде телефон қолдануға байланысты бірыңғай талап бола ма деген сұрақ қойды.
Министрдің айтуынша, қазір Сенатта тиісті заң жобасы қарастырылып жатыр.
Бұл заң аясында Оқу-ағарту министрлігі ортақ ұстанымды ереже арқылы бекітетін болады. Бұған дейін әр мектеп, әр сынып, әр мұғалім смартфонды қолдануға қатысты өз бетінше шешім қабылдап келді. Ортақ ұстаным болмағаны рас, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, жаңа ереже 2026-2027 оқу жылынан бастап енгізілуі мүмкін.
Министр қазіргі уақытта халықаралық тәжірибе мен балалардың экран алдында өткізетін уақытына қатысты әлемдік нормалар зерделеніп жатқанын айтты.
Біздің ойымызша, 9-сыныпқа дейін балалардың экран уақытына қатысты халықаралық нормативтер негізге алынады, – деді министр.
Сонымен қатар Сүлейменова 10-11-сыныптарда смартфондардың оқу процесімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Жоғары сыныптарда көптеген білім беру ресурстары мен LMS жүйелері смартфон арқылы қолданылады. Сондықтан ол жерде уақыт мәселесі бөлек қарастырылады, – деді ол.
Министрдің айтуынша, әңгіме смартфонды толық тыйым салу туралы емес, сабақ барысында пайдалану ережесін нақтылау туралы болып отыр.
Бұл толық шектеу емес. Баланың қауіпсіздігі, ата-анамен байланысы үшін смартфон қажет. Бірақ ең басты мәселе – сабақ кезінде пайдалану тәртібін енгізу. Сонымен қатар академиялық адалдық қағидатын да күшейтуіміз қажет, – деді ведомство басшысы.
Жұлдыз Сүлейменова қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп әлеуметтік желілер мен экран уақытын реттеуге қатысты ұсыныстарды талқылап жатқанын айтты.
Оның сөзінше, қазір 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына қатысты нормалар да қарастырылып жатыр.
Бүгінде кез келген смартфонда экран уақытын бақылау функциясы бар. Әлеуметтік желілердегі уақыт та белгіленеді. Қазір осы мәселелердің барлығы талқыланып жатыр, – деді министр.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты мектептерде оқушылардың ұялы телефон пайдалануына толық тыйым салу мәселесін көтерген еді.