Қазақстанда мектеп оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрлігі тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жобаға сәйкес, білім алушылардың үлгерімін бағалау тәртібі жаңартылмақ. Атап айтқанда, 2-4-сынып оқушылары қалыптастырушы бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы бағаланады.
Ал 5-11 (12)-сыныптарда қазіргі қалыптастырушы және жиынтық бағалау жүйесі (БЖБ және ТЖБ) сақталады.
Құжатқа сәйкес, тоқсандық бағалар бағалау нәтижелері негізінде қойылады. Министрлік бұл өзгерістердің мақсаты – оқушылардың оқу жетістіктерін объективті бағалауды қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Бұйрық жобасында бағалау жүйесін жетілдіру, білім сапасын бағалауда ашық, бірыңғай әрі әділ тәсілді қалыптастыру көзделген.
Қазіргі уақытта құжат «Ашық НҚА» порталында жария түрде талқыланып жатыр. Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 21 тамызға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап беріп, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне қатысты қабылданған шешімнің мән-жайын түсіндірді.