Қазақстан Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар теміржолының құрылысына қатысуға дайын – Мемлекет басшысы

21 Шілде 2022, 12:32
1217
Бөлісу:
Қазақстан Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар теміржолының құрылысына қатысуға дайын – Мемлекет басшысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «Мазари-Шариф – Кабул –Пешавар» теміржолының құрылысына қатысуға дайын екенін айтты. 

Аймақтардың көліктік байланысын арттырып, транзиттік жағдайды нақты түрде жақсарту қажет. Картаға үстірт қараудың өзі Орталық Азияның бірегей географиялық орны туралы айтып тұр. Жаңа геосаяси шындықтарда біздің өңірдің трансконтиненталдық сауданы ілгерілету мен дамытудағы рөлі қарқынды өсіп келе жатыр. Осы жағдайда Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді дамытуда. 2017 жылдан бері осы дәліздің бағыттары бойынша контейнерлерді тасымалдау үш есеге артты. Сонымен қатар, Қазақстан Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар теміржолының құрылысына қатысуға дайын. Атап айтқанда, біз темір жол қондырмасының материалдарын үздіксіз қамтамасыз етіп, жылжымалы құрамды қамти аламыз, - деді Президент.

Президент  серіктес елдерді Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа жол – Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолын белсендірек пайдалануға шақырды.

Жақында Иранға сапарым кезінде Қазақстаннан Түркияға Түркіменстан мен Иран аумағы арқылы алғашқы контейнерлік пойыз жіберілді. Бұл жаңа логистикалық шешім бар болғаны 12 күн ішінде 6000 шақырымнан астам жол жүруге мүмкіндік береді. Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарықтарына шығуды Қазақстанның Ақтау және Құрық теңіз порттары қамтамасыз ете алады. Түркіменбашы портының инфрақұрылымын сәтті дамытып жатқан Түркіменстанның да осы ұстанымды қолдайтынына сенімдімін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдеріміз өзара көлік коммуникациясын дамытуды назардан тыс қалдырмауы керек.

Біз қазір Өзбекстанмен белсенді ынтымақтастықтамыз. «Дарбаза – Мақтарал» теміржол желісінің іске қосылуы желістің қабілетін 2 есеге арттырып, жүктерді тасымалдау уақытын 1,5 есеге қысқартады. Біз «Түркіменбашы – Қарабогаз – Қазақстан шекарасы» жаңа автожолының құрылысын да қолдаймыз. 2025 жылдан бастап «Жаңаөзен-Түркіменстан шекарасы» автожолының учаскесін қайта жаңғырту жұмыстарын бастау жоспарлануда, - деді Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде. 

Өзгелердің жаңалығы