Қазақстан май өндірісін арттыруда: Абай облысында жаңа зауыт ашылды

Абай облысында 8,4 млрд теңге инвестицияға өсімдік майын өндіретін зауыт ашылды.

 29 Қазан 2026, 18:03
29 Қазан 2026, 18:03
114

Абай облысының әкімі Берік Уәли мен ҚР Бас прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы «Qazaq Astyq Group» ЖШС-ның өндіріс орнын ашты.

Зауыт тәулігіне 200 тоннаға дейін тазартылған өсімдік майын өндіруге қауқарлы. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 8,4 млрд теңгені құрады.

Салтанатты шараға облыс прокуроры Нұрсұлтан Рақышев, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірдің инвесторлары мен кәсіпкерлері де қатысты.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту – Абай облысы экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Жаңа зауыт тамақ өнеркәсібінің өндірістік қуатын арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 104 жұмыс орнын құру көзделген. Жоба аясында өсімдік майын тазарту, қаптау және құюға арналған өндірістік инфрақұрылым жаңғыртылды.

Абай облысында инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бір жарым жыл ішінде өңірдегі инвестициялық жобалар саны артты. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі2,2 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.Бүгінгі кәсіпорынның жаңа цехының іске қосылуы өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға, отандық дайын өнім көлемін ұлғайтуға және азық-түлік нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосады деп сенемін. Облыс әкімдігі өндірісті дамытуға бағытталған бастамаларды қолдап, инвесторлармен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береді. Біздің мақсатымыз – жаңа кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және өңір экономикасына нақты үлес қосуына жағдай жасау», – деді облыс әкімі Берік Уәли.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералының айтуынша, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу инвесторлардың құқығын қорғаумен қатар, өңір экономикасы үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Бүгінде комитет еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Абай облысында прокуратураның сүйемелдеуінде 110 жоба бар. Бұл көрсеткіштердің артында ауқымды инвестициялар, жаңа өндіріс орындары және мыңдаған әлеуетті жұмыс орны тұр. Біздің міндетіміз – инвесторлардың заңды құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді уақытылы жою және жобалардың іске асуына тосқауыл болатын мәселелердің шешілуіне ықпал ету. Әрбір инвестициялық жоба нақты нәтижеге жеткізіліп, салынған қаражат экономиканы дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі керек», – деді Бауыржан Ералы.

Наверх