Қазақстан компьютерлік қылмыстармен күресетін конвенцияға қосылады

17 Шілде 2023, 12:24
717
Бөлісу:
Қазақстан компьютерлік қылмыстармен күресетін конвенцияға қосылады
Фото: Арман Мухатов - архив

Қазақстан компьютерлік қылмыстармен күресетін Еуропа Кеңесінің конвенциясына қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ІІМ онлайн-брифингінде ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай айтты.

Оның айтуынша, қылмыс жасауда интернеттің пайдаланылуына байланысты күдікті адамдарды анықтау белгілі бір қиындық тудырады.

Шетелдік байланыс провайдерлері мен интернет-ресурстар иелерінің меншігіндегі ақпаратпен жедел алмасу қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен және түрлі халықаралық құрылымдармен халықаралық ынтымақтастыққа үлкен рөл беріледі, - деп айтты Жандос Сүйінбай.

Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы атап өткендей, бүгінгі таңда осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты көздейтін Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар жөніндегі Конвенциясы бар.

Министрлік конвенцияға қосылу жөнінде бірқатар шара қабылдады. Соның нәтижесінде ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстанға Еуропа Кеңесінің оған қосылуға шақыру хаты келіп түсті. Бұл шара құқық қорғау органдарына шетелдік құзыретті органдармен жедел ақпарат алмасуға, сондай-ақ интернет желісінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді, - дейді ол.

Қазіргі уақытта конвенцияны ратификациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы