Қазақстан инновацияда 81-орында: Саясат Нұрбек жүйедегі негізгі проблемаларды атады 

Ал Economic Complexity Index бойынша еліміз 55-орынға жайғасқан.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 10:29
Бүгiн 2026, 10:29
129
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан Global Innovation Index рейтингінде 81-орында, ал Economic Complexity Index бойынша 55-орында тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, GII – 78 индикаторды қамтитын кешенді халықаралық индекс. Елдің бұл рейтингтегі орны бір ғана ведомствоның қызметіне байланысты емес, инновациялық дамудың негізгі бағыттары бойынша 10-нан астам мемлекеттік органның үйлесімді жұмысының нәтижесі.

Инновациялық қызметтің салааралық сипаты ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және институционалдық деңгейде бірыңғай үйлестіруді талап етеді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар мен даму институттарының іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай үйлестіруші тетік ретінде Инновациялық штаб құру ұсынылады, – деді министр.

Сонымен қатар ол инновацияларды дамытуда жүйелік мәселелер бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, инновациялық циклдің үзілуі негізгі кедергілердің бірі болып отыр.

TRL 1-3 кезеңдерінде зерттеулер мемлекет тарапынан қолдау табады, TRL 7-9 кезеңдерінде бизнес жұмыс істейді. Алайда аралық TRL 4-6 кезеңінде жобалардың едәуір бөлігі тоқтап, коммерцияландыруға жетпейді, – дейді Саясат Нұрбек.

Осы мәселені шешу үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ТКЖ) грант беру атты жаңа құрал ұсынылған. Қазіргі уақытта тиісті түзетулер Мәжілісте қаралуда.

Министрдің сөзінше, тағы бір тежейтін фактор – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындардың төмендігі.

ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің 0,16%-ын ғана. Ал технологиялық дамыған елдерде бұл көрсеткіш бірнеше пайыз деңгейінде, – деді ол.

Сонымен бірге ғылым, технологиялар және инновациялар бойынша базалық экожүйені дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның негізгі элементтерінің бірі – адами капитал.

Министр индустриялық PhD бағдарламалары, инженерлік білім берудің жаңа моделі және халықаралық ғылыми тағылымдамалар дамытылып жатқанын айтады. 

Бұдан бөлек, институционалдық орта күшейтілуде. Атап айтқанда, ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды, Ғылым академиясының рөлі арттырылуда және ғылым мен технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Инфрақұрылым бағытында бүгінде 303 ғылыми зертхана мен 62 коммерцияландыру орталығы жұмыс істейді.

Қаржыландыру мәселесіне де назар аударылған. Ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, ҒЗТКЖ үшін салықтық ынталандырулар енгізілген. Сонымен қатар алғаш рет эндаумент-қор құрылып, оған 2 млрд теңге тартылған. Алдағы уақытта оның капиталын 10 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, қалыптасып жатқан экожүйе оқшау емес. Ол Astana Hub және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен тығыз өзара іс-қимылда дамуда.

Бұл ғылымды, стартаптарды, технологиялық командаларды және даму инфрақұрылымын біріктіретін бірыңғай контурды қалыптастырады, – дейді ведомство басшысы.

Наверх