Қазақстанның сыртқы саясатындағы көпвекторлық қағидат – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері қалыптасқан стратегиялық бағыт. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Түркістан» газетіне берген мақаласында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бастапқы кезеңде көпвекторлық саясат елдің егемендігін нығайтуға, түрлі геосаяси күштер арасында тепе-теңдікті сақтауға бағытталды.
Көпвекторлық саясат егемендікті нығайту үшін күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған еді және қауіпсіз, тәуелсіз сауда мен дипломатиялық алаң қалыптастыруға септігін тигізді, – деді ол.
Алайда қазіргі жаһандық жағдай бұл саясатты жаңа деңгейге көтеруді талап етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұжырымдаманы заманауи сын-қатерлерге бейімдеп, оның мазмұнын жаңартты.
Бүгінде Қазақстан тепе-теңдік сақтаудан белсенді түрде көптеген параллель халықаралық желілерге қосылуға көшті, – деп атап өтті Сенат төрағасы.
Қазіргі таңда Қазақстан бір мезгілде ЕАЭО, ШЫҰ, C5+1, Еуропалық Одақ, Түркі мемлекеттері ұйымы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сияқты түрлі алаңдарда жұмыс істеп, олардың тоғысқан нүктесіне айналып отыр.
Қазақстан идеологиясына, саяси бағытына, көлеміне немесе қашықтығына қарамастан геосаяси және экономикалық мүдде үшін барлық елмен, барлық жерде ынтымақтастық орнатуға ашық, – деді ол.
Әшімбаев бұл саясаттың енді тек имидждік емес, нақты экономикалық нәтижелер әкеліп отырғанын ерекше атап өтті.
Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде маңызды бағыт болып қала береді. 2025 жылғы екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Жалпы тауар айналымы $27 млрд-тан асады. 2025 жылы біздің импорттағы ресейлік өнімнің үлесі 29,7 пайызға жетті. Ресей Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың қатарында. Соңғы бес жылда ресейлік инвестициялар көлемі $14 млрд-қа жетті. Екі елдің атом энергетикасы мен басқа стратегиялық бағыттардағы ынтымақтастығының да келешегі зор, – деді Сенат төрағасы.
Соңғы жылдары Қытаймен де ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Мысалы, 2025 жылы сыртқы тауар айналымындағы ҚХР үлесі 23,7 пайызға дейін ұлғайып, өзара сауда $34,1 млрд-қа жеткен.
Қытай Қазақстан экономикасына $27 млрд инвестиция салды. 2025 жылы Қытайдың бүкіл Орталық Азиямен тауар айналымы алғаш рет $106 млрд-тан асты. Бұл Қазақстан жеке-дара емес, күшейіп келе жатқан аймақтық субъектіліктің бір бөлшегі ретінде әрекет етіп отырғанын көрсетеді, – деді ол.
Еуропалық Одақ та Қазақстан үшін ірі сауда және инвестициялық серіктес саналады. Әшімбаевтың айтуынша, ЕО-мен байланыс тек саудамен шектелмей, технологиялар мен стандарттардың келуіне ықпал етеді.
АҚШ-пен қарым-қатынас та жаңа деңгейге көтерілген. Соңғы жылдары екі ел арасындағы инвестициялық және саяси байланыстар нығайып келеді.
АҚШ-тан 2025 жылдың өзінде жалпы $66 млрд-тан астам тікелей инвестиция тартылды. Сондай-ақ $17 млрд көлемінде ірі келісімдерге қол қойылды. АҚШ-тың аймақтағы елдермен сауда-саттығының шамамен 75 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі, – деп атап өтті ол.
Сенат төрағасы Қазақстанның Орталық Азиядағы рөліне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, еліміз өңірлік интеграцияның негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
Қазақстан Орталық Азия субъектілігінің локомотиві ретінде әрекет етуде, – деді ол.
Сонымен қатар Түркі әлемі мен ислам елдерімен байланыс та жаңа мазмұнға ие болған. Бұрын мәдени сипатта болған бұл бағыт енді экономикалық және стратегиялық деңгейге көтерілді.