«Қазақстан халқына». ҚХА республикалық акцияны бастады

18 Қаңтар 2022, 16:28
1655
Бөлісу:
«Қазақстан халқына». ҚХА республикалық акцияны бастады
Фото: tengrinews.kz

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық дөңгелек үстелінің отырысында ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов «Қазақстан халқына» қорының жұмысын қолдауға арналған республикалық акция басталғанын айтты.

Енді «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» – деген сөздер елдің әр азаматының іс-қимыл бағдарламасына айналады және Ассамблея үшін жұмысымыздың ұстанымын да, мақсатын да, әдіс-тәсілін де аңғартады.  Мемлекет басшысының сөзінде біздің ортақ болашағымыздың жаңа күн тәртібі мен көзқарасы айқындалды. Бұл - Жаңа Қазақстан құрылысына атсалысуға шақыру, - деді ол.

Әзілханов атағандай, Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік дамуы мен қоғамның өзекті мәселелерін шешудің драйверіне айналатын «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын ашу туралы бастама көтерді.

Осылайша, ол әлеуметтік жауапкершілік пен бүкіл қоғамды топтастыру өміріміздің парызына айналып отырғанын аңғартты. Осы қор жұмысын алға жылжытуда Қазақстан халқы Ассамблеясы алдыңғы қатарда болуы керек. Сондықтан бүгінде Мемлекет басшысы ұсынған барлық шараны нық қолдайтынымызды білдіре отырып, қор жұмысын қолдауға арналған республикалық акцияны бастап отырмыз, - деп түсіндірді ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов онлайн дөңгелек үстелде.

Ол ҚХА бастамашылық еткен республикалық акцияның мағынасын түсіндірді.

Біріншіден, біз барлық аймақтарда волонтерлік және қайырымдылық шараларын жалғастырамыз. Біз қираған ғимараттар мен нысандарды қалпына келтіруге барынша көмектесеміз, мұқтаж жандарға, әсіресе зардап шеккен әскери қызметкерлер мен полиция қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсетеміз. Екіншіден, 25 қаңтарға дейін барлық достық үйлерінде «Қазақстан халқына» қоры жұмысының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру, сондай-ақ ірі бизнес өкілдері арасында осы қорға қаражат жинау жөнінде ҚХА мүшелерімен, қайырымдылық жасаушылар мен меценаттармен жиналыс өткізуді тапсырамын. Үшіншіден, әсіресе пандемия мен коронавирустың жаңа толқынын ескере отырып, қорды қолдау бойынша ҚХА жұмысын және басқа да жұмыстарды ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастыру қажет, - деп айтты Марат Әзілханов.

Өзгелердің жаңалығы