Қазақстан халқы Украинаға 100 млн теңгенің көмегін жинады

3 Наурыз 2022, 14:03
1276
Бөлісу:
Қазақстан халқы Украинаға 100 млн теңгенің көмегін жинады
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы HAQ қозғалысының бастамашысы Тоғжан Қожалиева Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде айтты.

Бізге өткен жұмада Қазақстандағы Украина елшілігі гуманитарлық көмек беру, оның ішінде дәрі-дәрмек жеткізу бойынша жүгінді. Сол күні «Ел болашағы» азаматтық қозғалысының 15-ке жуық мүшесі де осындай бастама көтерді. Олардың қатарында Арман Шораев, Досым Сәтбаев сынды елге танымал азаматтар бар. Укаинадағы жағдайға немқұрайлы қарап отыра алмадық, сол себепті ел халқынан көмек жинауды бастап кеттік,-дейді Қожалиева.

Оның айтуынша, қазіргі сәтте халықтан гуманитарлық көмекке 100 млн теңгеден астам қаржы жиналған. Бүгін Тоғжан Қожалиеваның картасына тағы 8 млн-ға жуық теңге түскен.

Бізге Фарм компаниялар шығып, қолдау білдіруде. Атап айтсам үндістандық ЛС компаниясы 10 млн теңгенің дәрісін жеткізді. Ал, қазақстандық фарм компаниялардан көмек болмады. Дегенмен қарапайым халық шамасы келгенше жұмыла көмектесіп жатыр. Кеше гуманитарлық көмектің үшінші легін жібердік,-деді ол.


Алматыдағы еріктілер штабының үйлестірушісі Динара Мейілханова соңғы бес күнде Украина халқына гуманитарлық көмек жинауға 500-ден астам волонтер жиналғанын айтады.

Халық дәрі-дәрмек, киім-кешек және медициналық бұйымдар әкеліп жатыр. Гуманитарлық көмектің үшінші легін аттандырдық, бірақ кеден қызметінде бірқатар мәселелер туындады. Ұйымдастырушылық жұмыстың барлығын Эйр Астана әуекомпаниясымен кеңесе отырып іске асырдық, сондықтан оларға алғыс айтамыз,-деді штабтың үйлестірушісі.

Сонымен қатар ол гуманитарлық көмекті жинау бойынша алдағы күндері колл-орталық іске қосылатынын жеткізді. Көмек бергісі келетіндер орталыққа хабарласып, қандай заттар беру қажеттігін анықтай алады.
 

Өзгелердің жаңалығы