Қазақстан халқы Ассамблеясы әлі толық қызметін атқарып болған жоқ - депутат

26 Маусым 2023, 14:42
1158
Бөлісу:
Қазақстан халқы Ассамблеясы әлі толық қызметін атқарып болған жоқ - депутат
Фото: автордан

Әлемдегі геосаяси ахуал, мемлекеттік тілдің мәртебесі, русофобия, туризм саласындағы кемшіліктер жайында Жетісу облысының Мәслихат депутаты, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Константин Нестеровпен сұқбаттасқан едік.

Константин мырза, жаңадан құрылған Жетісу облысының болашағынан не күтесіз? Бір жыл ішінде не өзгерді?

Мемлекет – бұл біздің үлкен отбасымыз. Оның өсуі, жаңа адамдармен толығуы, дамуы қалыпты құбылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру туралы шешім қабылдағанда аң-таң күйде болғанымыз рас, дегенмен бұл саяси тұрғыдан маңызды шешім деп білемін. Біздің экономикамыз енді аяққа тұрып келе жатқан уақытта шағын облыстарды біріктіру жүйесі жүрді. Бұл стратегиялық тұрғыдан әлеуеті төмен аймақтарды аман сақтап қалуға күш берді. Енді тарихи терең, ел ішінде өзіндік бағыт-бағдары бар, мәдени маңызға ие өңірлерді дербес облысқа айналдыратын уақыт келді. Бұл тарихи сананы жаңғыртуға, экономикалық өзгеріс жасауға, жаңа қадамдарға баруға жол ашады. Жетісу – аграрлы әрі туристтік өңір. Бүгінде ауылшаруашылық саласында ілгері жұмыстар істеліп жатыр. Сүт, ет өнімдері артып, қызылшаның көлемі ұлғайды. Биыл 2 мыңнан астам тұрғын баспаналы болмақ, көл жағасына демалушылардың саны артып келеді. Қазір облыс басшысы Бейбіт Исабаев инвецтиция тартып, Қытаймен сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайты.

Жетісуды – туристтік өңір дегенімізбен, бұл салады ілгерілеу байқалмайтын секілді. Тек беткеұстар Алакөл мен Балқаш көлі ғана негізгі фактор болып отыр. Әйтсе де жер жаннатының тұмса табиғатының өзі ұлттың айнасы емес пе?

Оныңыз рас, Жетісу құс қанаты талатын байтақ мекен. Мұнда қасиетті нысандар, тарихи қалашықтар, бабаларымыздан жеткен шежірелі ғимараттар жетерлік. Қазір, туризм өңірімізге айтарлықтай қаржы әкеліп жатқан жоқ. Әйтсе де жылдан жылға дамып келеді. Экологиялық туризм, этнотуризм, ауылшаруашылық туризм, спорт туризм, тау туризмін өркендетуіміз қажет. Әрине, бұл қомақты қаржының талап етеді. Бізге мемлекет қана емес, жеке тұлғалардың да жәрдемі қажет. Осындай ғажайып табиғаты бар атамекенімізді әлем таныса, біздің ел үшін үлкен жаңалық болар еді. Былтыр Мемлекет басшысы келгенде де осы мәселеге кенінен тоқталды. Биатлон алаңын салу туралы ойын жеткізді. Бұл қысқы спортты дамытуда маңызға ие болмақ. Жануарлар саябағын қалыптастыру, Сиверс алма бағын көркейту жұмыстарын жүргізілсе, Тамшыбұлақ, Бұрқанбұлақ секілді табиғат тарту еткен әсем жерлерді қорғауға алып, көркейтсе өңірдің экономикасына өзгеріс әкелер еді. Текелі де таудың етегінде орналасқан жасыл қала, Қора, Шажа өзендері өрекпіп ағып жатыр. Мұның өзі көз тартатын құбыластар.

Текелі дегеннен шығады, сіз талай жылдан бері кенді шаһарда Мәдениет үйінің директоры қызметін атқарып келесіз. Әр түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына қосу қиын емес пе? Біздің бір байқағанымыз, моноқалада этнос өкілдері өте көп.

Жоқ, ешқандай қиындығы жоқ. Бұл ретте Қазақстанда қоғамдық институт қалыптасқан. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазір ел ішінде консультативті-кеңесші орган қажет пе, жоқ па деген сұрақ туындауда. Меңінше Қазақстан халқы Ассамблеясы әлі толық өзінің қызметін атқарып болған жоқ. Өзге этнос арасында қазақ мәдениетін, тарихын сіңіруде әрі олардың тұрмыс салтын тануда маңызы зор. Менің ұжымымда әр түрлі этнос өкілдері кездеседі. Әсіресе, атамекенге оралған қандастар көп. Өзбекстаннан, Қытайдан, Алтайдың арғы бетінен келген ағайын мен осындағы жұрт тіндесіп, ұлт мәдениет көтеруге күш салуда. Бір шаңырақ астында өзге ұлт өкілдері жинау оңай, оларды ұстап тұру қиын. Қаншама жастар біздің ұжымнан қанат қақты. Жақсы білікті мамандарды шағын қалада ұстап қала алмайсын, көбі үлкен шаһарларда бағын сынауға аттанады. Жалпы, бір тудың астында бауырмал өмір сүруге не жетсін! Текелінің осы орайда орны бөлек.

Текелі – республика көлемінде кенді шаһарлардың көшін бастап тұр. Бұл шағын шәрінің тағы бір ерекшелігі десек бола ма?

Әр қала өзіндік инфрақұрылымымен, өндіріс орындарымен, тұрғындарының түсінігімен, табиғатымен ерекше. Ал Текелі жоғарыда айтқанымдай, биік тауларымен, жайқалған бау-бақшасымен, мөлдіреп ағып жатқан өзенімен, кенімен бай. Мұнда әр түрлі этнос өкілдері бір атаның балаларындай тату-тәтті, жарасымда өмір сүріп жатыр. Текелі – Жоңғар Алатауы құшағына басып, күннің шапағына шомылған шырайлы шаһар. Мұнда әр атқан таң кешегі күнге ұқсамайды. Меніңше әрбір қаланың өз миссиясы бар, бұл бағытта Текелі жас қала, былтыр 70 жасқа толды. Осы уақыт ішінде металлургия саласында елдің негізгі қазанына айналды. Соғыс уақытында жауға атылған он оқтың тоғызы текеліліктер өндірген. Ескелді бабамызда осында қоныстанған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде түрлі майдандардың куәсі болға топырақ. Моноқалалардың ішінде қорғасын, мырыш, күміс, кадмий, германий өндіретін бірден бір орын осы. Қалаға жақын тау шатқалдарында Жетісубақа тісі, марал, таутеке, елік, қоңыр аю, борсық, күзен, суыр, түлкі, қасқыр, тиін, сілеусін, қоян, жабайы шошқа секілді аңдар бар.

Қалай ойлайсыз, Текелі де туризм саласын дамытуда не жетпейді?

Жалпы, мемлекетімізде туристік индустрия әлі толық аяққа нық тұрған жоқ. Әрине, Текелі сияқты туристік әлеуеті зор қалаларды дамытқанға не жетсін. Бұл алдымен ел экономикасына дем берсе, екінші адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал ең маңызды – елімізді әлемге танытады. Текелі қиын кезеңде де туристік дәстүрін жоғалтқан емес. Балалар туризм орталығы, Текелі аймақтық турклуб орталықтары құрылды. Қазір осы салада текеліліктер белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұрыннан келе жатқан туризм саласындағы тәжірибеге иек сүйеп, осы бағытта барынша көп туристер тартуға күш салып жатыр. Қазір қалаға отбасымен келіп демалушылар көп. Соған сай салынған оннан астам арнайы демалыс орындары бар. Осылардың бәрі Текелінің туризм саласының маңызды бөлігіне айналдырып отыр. Көбі бұл аймақты – Швейцарияға балайды. Бұйырса ол да болып қалар.

Әлемде геосаяси жағдай ушығып тұр. Украина мен Ресейдің, Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс жүруде. Бұл оқиғалар Қазақстанға да әсер етуде. Депутат ретінде, бұған сіздің көзқарасының қандай?

Әрине, саяси тұрғыдан бұл ахуал Қазақстанды айналып өтпейтіні белгілі. Осындай алапатты басынан өткеріп жатқан халықтың жағдайын көргенде көңіл құлазитыны рас. Бұл ретте менің көзқарасым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай соғысты қолдамаймыз. Десе де көршілерімізбен экономикалық қарым-қатысты үзбеуіміз керек. Ел Президентті тәжірибелі дипломат ретінде мұны нақты айтты. Өзгенің пікірін құрметтей отырып, өз пікіріне де құрметпен қарау дәл қазіргі әлемдік саяси дүрбелең кезінде маңызды. Оның үстіне Біріккен Ұлттар ұйымының жарлығына сай, егеменді ел ретінде өз позициямызды сақтағанымыз абзал. Біз ешкімнің айдауында жүрмейтін егеменді мемлекетпіз.

Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін білгені дұрыс па? Бұл олардың құқығын шектегендей болмай ма?

Туған жерді сүю, оның тілін, салт-дәстүрін, тарихын құрметтеу елдегі әрбір азаматқа парыз. Менің жасым 60-та болса да қаймықпай қазақ тілін үйрендім. Қазіргі жастардың ана тілін білмеуі білім саласындағы ғана емес, үйдегі тәрбиенің дұрыс еместігін білдіреді. Мен қазақ тілін білуге талпынғанда қазақ достарым көп көмектесті. Әрбір дыбысты, әрбір әріпті дұрыс айтуыма жәрдемдесті. Сол үшін оларға ерекше алғысымды айтқым келеді. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда арнайы бағдарламалар, құрал-жабдықтар, оқу кітаптары қажет. Білмейтін, түсінбейтін адамдардың жанында сөздік болуы шарт. Сосын өзге тілді де білген жөн. Әсіресе, жастарға. Бұл ретте Мемлекет басшысы үлгі. Жалпы, мемлекеттік тілді білу ешкімнің құқығын шектемейді, керісінше ұлттың мәдени өміріне терең бойлап, рухани кемелденуге мүмкіндік береді.

Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы