Қазақстан GovTech индексі бойынша көшбасшы елдердің қатарына кірді

25 Шілде 2023, 19:49
709
Бөлісу:
Қазақстан GovTech индексі бойынша көшбасшы елдердің қатарына кірді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қазақстан GovTech индексі бойынша «В» тобынан көшбасшы елдердің «А» тобына көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

GovTech жаһандық серіктестігінің қолдауымен енгізілген Дүниежүзілік Банктің GovTech жетілу индексі (GTMI) саласының негізгі төрт бағытының дамуын бағалайды. Нақты айтқанда, негізгі мемлекеттік жүйе индексі (CGSI), Мемлекеттік қызмет көрсету индексі (PSDI), азаматтарды цифрлық салаға тарту индексі(DCEI) және мемлекеттік технологияларды қолдау индексі (GTEI). Қазақстан 198 ел арасында Мемлекеттік қызмет көрсету индексі (PSD) бойынша 6-шы орынға тұрақтады. Айта кету керек, 2022 жылғы көрсеткіштер бойынша Қазақстан жетілу индексінде (GTMI) айтарлықтай нәтиже көрсетті, осылайша жаһандық рейтингте еліміз В тобынан А тобына ауысты. Бұл елдегі GovTech саласының дамып келе жатқанын көрсетеді, - делінген Цифрлық даму министрлігі таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту бойынша жаһандық рейтингінде (EGDI) 28-ші орында және жоғары нәтижелі елдер тобына кіреді. Еліміз онлайн-қызметтер саласындағы әлемдік рейтингте де ілгері орында. 

Онлайн-сервистерді ұсыну бойынша еліміз 8 орынды иеленіп, үздік 10 елдің қатарында тұр. Бұл беделді тізімге Эстония, Финляндия, Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Жаңа Зеландия, Австралия, АҚШ және Жапония сияқты электрондық үкіметтің көшбасшы елдері де кірген. 

Өзгелердің жаңалығы