Қазақстан Global Innovation Index 2026 рейтингінде 8 сатыға жоғарылап, Орталық Азия көшбасшысы атанды

18 Қараша 2026, 18:10
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 18 Қараша 2026, 18:10
18 Қараша 2026, 18:10
105
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстан Global Innovation Index 2026 рейтингінде сегіз сатыға жоғарылап, 139 елдің ішінде 73-орынға тұрақтады және Орталық Азия көшбасшысы атанды. Бұл жетістікті баянды ету үшін мемлекет әзірлемелерді қолдау тәсілін өзгертіп, бұдан былай зерттеу процесіне емес, нақты нәтижеге қаржы бөлетін болады. 

Рейтингте еліміздің көрсеткіштері бірден 46 индикатор бойынша жақсарды. Жоғары технологиялық өнімдер экспорты бойынша Қазақстан тоғыз сатыға көтеріліп, 27-орынды иеленді. Ал өндіріс пен экспорттың күрделілігі жөнінен бірден 29 сатыға алға жылжып, 54-орынға шықты.

Ел ішіндегі инновациялық белсенділік деңгейі 11,9%-ға жетті. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің 0,16%-ын құрайды.

Жаңа тәсіл қазан айында бекітілген Инновацияларды дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тапқан. Енді мемлекет зерттеу процесінің өзін емес, оның нақты технологиялық және экономикалық нәтижесін қаржыландыратын болады.

Басты мақсат – әзірлемелердің бизнестегі нақты міндеттерді шешіп, экономика мен халыққа өлшеуге болатын нақты пайда әкелуі. Ең алдымен технологиялық әзірлік деңгейі 4-тен 6-ға дейінгі жобаларға басымдық беріледі. Бұл санатқа идея шеңберінен шығып, зертханалық сынақтан өткен, бірақ әлі сериялық өндіріске енгізілмеген әзірлемелер жатады.

Тұжырымдамада өңірлердің мамандануына, венчурлік нарықты дамытуға, технологиялар трансферіне, зияткерлік меншікті қорғауға және жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінген. Мемлекеттік қолдау әзірлемелерді өндіріске дейін жеткізуге, өнім шығару көлемін ұлғайтуға және ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығаруға септігін тигізуі тиіс.

Білім, ғылым және инновациялар Конституцияда мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде бекітілген. 2026 жылдың сәуір айында осы саладағы басты бастамаларды үйлестіретін Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңес құрылды.

Мемлекет әзірлемелерді зерттеу кезеңінен бастап, дайын өнімнің нарыққа шығуына дейінгі барлық сатыда қолдайды. Бұл мақсатта зерттеулер мен коммерцияландыруға арналған гранттар, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) орталықтандырылған түрде бағытталатын жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты қарастырылған.

Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған ғылыми басымдықтар бекітілді. Еуропамен Horizon Europe бағдарламасы аясындағы, соның ішінде TIBERIUM жобасы арқылы жүзеге асатын ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді.

Наверх