Қазақстан халқын газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу үшін Энергетика министрлігі магистральдық газ тасымалдау инфрақұрылымын, өңірлік желілерді және газ ресурстық базасын кешенді түрде дамытуды көздеп отыр.
Өңірлерді газбен қамтуды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін негізгі жобалар:
* «Ишим – Астана». Жоба солтүстік өңірлерді газдандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Оның іске асырылуы Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
* «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі. Жоба газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, елдің оңтүстік және орталық өңірлеріндегі өсіп келе жатқан газға деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
* КС-14 – Қостанай магистральдық газ құбыры. Ақтөбе облысындағы КС-14 компрессорлық станциясынан Қостанай қаласына дейін газ құбырын салу, сондай-ақ КС-14 алаңында жаңа компрессорлық цех құрылысы көзделеді. Жоба Қостанай облысын сенімді газбен қамтамасыз етіп, солтүстік өңірлерді одан әрі газдандыруға қосымша мүмкіндік береді.
* «Талдықорған – Үшарал». Ұзындығы шамамен 302 шақырым болатын газ құбыры Жетісу облысының елді мекендерін газбен қамтамасыз етіп, газдандыруды одан әрі 84 елді мекенге дейін кеңейтуге мүмкіндік берді. Жоба 2025 жылы пайдалануға берілді.
* Өңірлік газдандыру жобалары. Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа да облыстарда жеткізуші және тарату газ желілерінің құрылысы жалғастырылады.
Бұл жобаларды іске асыру еліміздің газбен қамту жүйесінің құрылымын айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді.
Осылайша, магистральдық және өңірлік инфрақұрылымды дамыту газбен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін ұлғайтуға және жекелеген өңірлердің бір ғана бағытқа немесе газ көзіне тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Аталған жобаларды кешенді түрде іске асыру Қазақстандағы газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізудің маңызды шарттарының бірі болып табылады.