Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Статистика бойынша елімізде 2021 жылы есірткі қылмыстары көп тіркелген аймақтар қатарында Алматы қаласы, Жамбыл облысы және Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Осы ретте есірткімен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Бұл сұраққа ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Ведомствоаралық үйлестіру және профилактика басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов жауап берді.
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің заңсыз айналымы бойынша берген тапсырмаларын орындау үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?
- Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін енгізу мақсатында бірқатар заңнамалық бастамалар жүзеге асырылды.
Нақтырақ тоқтала өтейін:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің өткен жылғы қыркүйектегі қаулысымен аса қауіпті заттардың «қылмыстық» мөлшері 1 грамға дейін төмендетілді және тиісінше, оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді;
2) прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленді;
3) 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасының жобасы әзірленді, онда шетелде өндірілген есірткінің әкелінуіне, олардың ел ішінде таралуы мен өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту шаралары көзделген.
- Еліміздегі есірткінің заңсыз айналымына қатысты жағдай қандай деңгейде?
- Қабылданған шаралардың нәтижесінде ішкі істер органдары 2021 жылы 2 384 есірткі қылмысын, оның ішінде 1 436 сату фактісін, 407 аса ірі көлемде есірткі сақтау фактісін анықтады. 17 есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 14 тоннаға жуық есірткі тәркіленді, оның ішінде 450 келі гашиш, 10 тонна марихуана, 5 келі героин және 142 келіден астам синтетика.
Жыл басынан бастап ішкі істер органдары 695 есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде 472 сату фактісі, 133 аса ірі көлемде сақтау, 8 есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі алынды, оның ішінде 260 келі гашиш, 658 келі марихуана, және 42 келіден астам синтетика алынды.
- Есірткі қылмыстары бойынша көш бастап тұрған өңірлерді атап өте аласыз ба?
- Статистикаға сүйенсек, 2021 жылы есірткі қылмыстары көп тіркелген аймақтар ретінде Алматы қаласы (309), Жамбыл облысын (254) және Шығыс Қазақстан облысын (207) айтуға болады. Осы жылдың 3 айында да осы облыстар көш бастап тұр (ШҚО - 74, Алматы қаласы - 63 және Жамбыл облысы - 58).
Дегенмен синтетикалық есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар көп тіркелген өңірлер қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын және Қарағанды облысы бар.
- Қазір әлемде ең кең таралған психотропты заттардың бірі – синтетикалық есірткі. Елімізде дәстүрлі есірткіге қарағанда, синтетикалық есірткі сұранысқа ие. Осы тұрғыда, синтетикалық есірткіге қарсы күрес іс-шараларына тоқталсаңыз?
- Есірткі нарығын синтетикалық есірткілермен толтыра отырып, олардың жасырын өндірісін жолға қою - есірткі ахуалын қалыптастыратын басты теріс фактор.
Мұнда мен есірткі зертханаларына тоқталғым келіп отыр. Қазір есірткінің «қара» нарығын талдау есірткі сатушылардың жасырын зертханалар жағдайында ел ішінде синтетикалық есірткі өндірісіне қайта бағдарланғанын айғақтайды.
Елдегі есірткі ахуалына дер кезінде және пәрменді ден қоюға мүмкіндік берген заңнамалық бастамалар пакеті қабылданды. Осылайша,2019 жылдан бері заңнамаға түзетулер қабылданған сәттен бастап ішкі істер органдары 182 келі «синтетика» тәркілеп, 35 есірткі зертханасын жойды.
Барлық жағдайда химиялық прекурсорлар, реагенттер елімізге логистикалық компаниялар, көрші елдердің пошта жөнелтілімдері арқылы жеткізілген. Сол себепті ІІМ көлік-логистикалық компаниялармен тығыз өзара іс-қимыл жасайды.
- Есірткіге қарсы күрес операцияларынан мысал келтіре кетсеңіз?
- Мысалы, елордамызда жасырын есірткі зертханасының заңсыз қызметінің жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізілді. Осылайша Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер кентінде жалға алынған үйде синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған Қырғызстанның 24 жастағы азаматы ұсталды.
Ұсталған азамат қараша айында «жасырып кетуші» ретінде жұмысқа орналасқан, бір айдан кейін үйді жалға алып, «варщик» болып, содан кейін Telegram мессенджері арқылы ірі партияларды жаппай сата бастаған. Операция нәтижесінде заңсыз айналымнан 6 келіден астам дайын синтетика, сұйық түрінде 10 литр, сондай-ақ түрлі зертханалық заттар алынды.
- Министрлікте 2022 жылғы 28 наурызда өткен брифингте «...есірткіні аз мөлшерде қолданған және сақтаған адамдар қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деп айтылды. Осындай әрекет үшін жазаның санатын ауыстыру қылмыс санының артуына себепші болмай ма? Осы өзгеріске түсініктеме бере кетсеңіз?
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес есірткіні пайдалану қылмыстық жазаланатын әрекет емес атап өту қажет, қылмыстық жауапкершілік ҚР ҚК 296-бабының 1-бөлігі шеңберінде қоғамдық орындарда есірткіні пайдаланған жағдайда ғана туындайды.
Осыған байланысты ҚК-нің 296-бабының 1-бөлігін «қоғамдық орын» деген саралау белгісін алып тастап, әкімшілік құқық бұзушылық санатына ауыстыру туралы шешім қабылданды, бұл есірткіні тұтыну фактілері бойынша анықталған барлық адамдарды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және есірткіні тұтынудан бас тартуға немесе одан бас тартуға итермелейтін қосымша құқықтық тетік.
- Қазақстан – есірткі тасымалының күре жолында жатқан ел. Есірткі тасымалы мен трансшекаралық қылмыстар туралы не дер едіңіз?
- Халықаралық ынтымақтастыққа келетін болсақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде «Канал», «Паутина» сияқты халықаралық операциялар жүргізіледі.
Бұдан басқа, Орта Азиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының қолдауымен 2021 жылғы 4 қазан мен 30 қараша аралығында жаңа психобелсенді заттардың және басқа да синтетикалық есірткілердің таралулына қарсы іс-қимылға бағытталаған «Рефлекс-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Операция барысында ел аумағында 303 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 83 өткізу фактісі, 32 аса ірі мөлшерде есірткі сақтау фактісі. Заңсыз айналымнан 14,5 келі есірткі алынды.
- Есірткі сату нарығы уақыт талабына сай интернет кеңістігіне ауысып жатқан заманда министрлік тарапынан оған қандай тосқауылдар қойылып жатыр?
- Бүгінгі күні интернет технологиялардың дамуына және сұраныстың синтетикалық есірткілерге көптеп болуына байланысты есірткі саудасы түрлене түсті. Бұрынғыдай белгілі бір адаммен кездесіп қолма-қол ақша арқылы алу әдісі келмеске кетті десек те болады.
Осы орайда ішкі істер органдары интернет желісіндегі құқыққа қайшы контентті бұғаттау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістіктің мониторингін жүргізеді.
2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген толықтыруларға сәйкес есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз өткізу бабына (297-бап) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы деген тармақ қосылды. Бұл қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Сондай-ақ осы заңға тағы екі бапқа толықтыру енгізілді. Енді электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Ал олардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған.
Халыққа қызмет көрсететін ең танымал провайдер «OLX Group» ЖШС-мен өзара әрекеттестік орнатылды. Осындай ынтымақтастықтың арқасында биыл курьерлік қызмет ұсыныстары деген желеумен есірткі «жасырушыларды» жұмысқа алу туралы 50 хабарландыру анықталып, жойылды. Дәл осындай жұмыс Telegram серверінің қазақстандық әкімшісімен жүргізілуде, онда қазірдің өзінде жасырын есірткі сатумен айналысатын 440 чат анықталды.
- Бүгінгі күні жастардың көбі интернетте отырады, олардың кез келген уақытта есірткіні таратушылар желісіне қатысуына қатысты қауіп бар. Сондықтан жастарды қалай сақтандыра аламыз?
- Ата-аналар мен мұғалімдерде нашақорлық – бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың проблемасы деген ой қалыптаспауы қажет. Қазіргі уақытта нашақорлықтың әлеуметтік мәртебесі жоқ. Бұл проблема ауқатты отбасылардың балаларына әсер ете бастады, өйткені бұл отбасыларда қалта шығындарына, қаржылық салғырттыққа өте төзімді көзқарас бар. Шығындарды бақылау жоқ.
Мектептің міндеті – аталған жағдайды ата-аналардың назарына жеткізу, өйткені бұл жағдай отбасының жауапкершілігіне жатады. Бұл мәселені мектеп деңгейінде үнсіз қалдыру мүмкін емес, өйткені оны екі есе қылмыс деп атауға болады. Бұл баланың алдындағы алғашқы қылмысы, өйткені синтетикалық есірткі оған аз мүмкіндік береді және 3-5 жылдан кейін мүгедек етіп қалдырады. Екінші қылмыс – оның жанында оқитын балаларға қарсы жасалатын қылмыс. Әлемдік статистика көрсеткендей, бір есірткі қолданушы жылына 4-тен 15 адамға дейін өзіне адамдарды тартады. Егер сыныпта есірткі қолданатын бір бала болса, онда бір жылдан кейін олар кем дегенде төртеу болады.
Осы ретте азаматтарға, жалпы ата-аналардың назарына айтайын дегенім. Балаларыңыздың бос уақытты қалай өткізетініне, араласатын ортасына мұқият болыңыздар. Сіздерді қырағы болуға, түрлі әлеуметтік желідегі жарнамаларды, хабарландыруларды дұрыстап тексеріп, ондағы ұсынылатын жұмыс сипатына аса мән беруге, сайт әкімшісінің, курьердің жұмысы туралы ұсыныстарды қабылдамауға шақырамын.
- Жасөспірімдер арасында нашақарлықтың алдын алу үшін балалармен, олардың ата-аналарымен қандай жұмыстар жүргізесіздер?
- Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының маңыздылығын атап өту қажет. Себебі алдын алу - нашақорлыққа қарсы тұрудың басты элементі.
Жыл басынан бері 172-ден астам профилактикалық іс-шаралар өткізілген 70 бейінді үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жүзеге асырылып жатыр.
Мысалы, ішкі істер органдары Instagram әлеуметтік желісінде өткізетін «Берік отбасы - есірткіден аулақ» қызықты онлайн байқауын ұйымдастырды, онда байқаудың шарты есірткіге қарсы тақырыпта эссе жазу, БАҚ-пен әлеуметтік желілерде жариялау болды. Отбасылар белгілі бір тақырып бойынша эссе жазды, онда олар нашақорлық проблемасына, тәрбие туралы, отбасылық құндылықтар туралы көзқарастарын білдірді.
Қостанай облысында «Спорт - есірткіге қарсы» шорт-тректен жарыс өтті. Павлодар облысында «Павлодар-Алматы» қатынасындағы жолаушылар поейызында есірткіге қарсы кездесу өтті.
Ақмола облысында студенттер үшін «Сенің таңдауың - сенің өмірің» атты дебаттық турнир өткізілді.
- Кейде азаматтардан «нашақорлар аулаларды қазып, «закладка» іздейді, оларды ешкім ұстамайды» - деген сөздер естіп жатамыз. Өз ауласында осындай істерге куә болған адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Мұндай жағдайларда дереу жақын жердегі учаскелік полиция пунктіне немесе полицияның 102 нөміріне хабарласу қажет. Мүмкін болса, фотосуретке түсіріп алса құптарлық болар еді.