Қазақстан ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 30-шы отырысына қатысты

1 Желтоқсан 2023, 08:50
392
Бөлісу:
Қазақстан ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 30-шы отырысына қатысты
Фото: gov.kz

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Солтүстік Македонияның астанасында ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 30-шы отырысына қатысу үшін жиналды.

Іс-шара барысында қатысушы мемлекеттер 2023 жылы Солтүстік Македонияның төрағалығы аясында ұйымның жұмыс қорытындыларымен танысты, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ күрделі геосаяси жағдай аясында ұйымда қалыптасқан институционалдық дағдарысты еңсеру жолдарын талқылады.

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өз сөзінде ЕҚЫҰ-ны еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі жалғыз жан-жақты қауіпсіздік ұйымы және кең саяси диалог үшін бірегей платформа ретінде сақтаудың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан Ұйымды нығайтуға өз үлесін қосуға және оның алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеруге жәрдемдесуге дайын», - деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Қазақстан СІМ басшысы сондай-ақ 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясының қағидаттарын ұстанудың маңыздылығына назар аударды.

Министр ұйымның барлық үш өлшеміне қатысты мәселелер бойынша еліміздің ұстанымы мен көзқарасын баяндап, инклюзивті диалогты жалғастыру және шиеленіскен жағдайлардың алдын алу бойынша үйлестірілген іс-қимылдарды қабылдау қажеттігіне назар аударды.

ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси өлшемінде Министр Ауғанстандағы жағдайды ескере отырып, Орталық Азия өңірінде тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті және Ұйымға қатысушы елдерді осы мемлекеттегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін барлық күш-жігерді қолдауға шақырды. Осы тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы қазақстандық бастама аталып өтті.

Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық өлшеміндегі басымдық ретінде Азия мен Еуропаны біріктіретін өзара байланыс пен трансконтиненталдық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығы белгіленді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Шығыс пен Батыс арасындағы өзара тиімді сауда және инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер жасайтыны аталып өтті.

Климаттың өзгеруіне байланысты Орталық Азияның алдында тұрған күрделі сын-қатерлерге назар аудара отырып, Қазақстан СІМ басшысы делегаттарды 2026 жылы Қазақстанда өтетін БҰҰ Өңірлік Климаттық саммитіне қатысуға шақырды.

Министр гуманитарлық өлшемге қатысты әріптестерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан Қазақстандағы ауқымды саяси өзгерістер туралы хабардар етті. Бұл еліміздің дамуының әділдікке, инклюзивтілікке және прагматизмге негізделген жаңа кезеңін ашуға, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, СІМК алаңында М.Нұртілеу Албания, Армения, Аустрия, Германия, Нидерланды, Ресей, Финляндия, Швеция және басқа да елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, сондай-ақ ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид, ЕҚЫҰ Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов пен Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі Бюро директоры (ДИАҚБ) Маттео Мекачимен кездесті. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның Іс-басындағы және болашақ төрағалары – Солтүстік Македония мен Мальта Сыртқы істер министрлері Буяр Османи және Ян Боргпен келіссөздер өтті (СІМК шешіміне сәйкес, Мальта 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді).

Кездесулер барысында аталған елдермен және ұйымдармен саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді қоса алғанда, екіжақты күн тәртібі мен көпжақты өзара іс-қимылдың басым мәселелері талқыланды.

1992 жылдан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекет. 2010 жылы біздің еліміз Астана декларациясының қабылдануымен аяқталған саммитті өткізе отырып, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті.

Өзгелердің жаңалығы