Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан экономикасын үш сценарий күтіп тұр: Экономист талдау жасады

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Экономист Айбар Олжай "15 минуттық экономика" жобасында Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) жарылыстан кейін Қазақстан экономикасын күтіп тұрған үш негізгі сценарийді талдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірінші сценарий – қысқа мерзімді тұрақтылық

Егер Украина КҚК-ны бұдан кейін жармаса, біз тәңірге сыйынып отырамыз, Киевке сенеміз. КҚК бұдан кейін зақымданбаса, мұнай экспорты биылғы жылдық жоспар бойынша жүзеге асырылып, келесі жылы ВПУ-2 қондырғысын жаңалау жұмыстары жүргізіледі. Экономикаға ешқандай зиян келмей, қалыпты өсу жалғасады. Барлығымыздың ойлап, үкіметтің басты бәсін тігіп отырған сценарий осы болып отыр, - деді сарапшы.

Екінші сценарий – орташа қиындық

Егер ВПУ-2 қондырғысын жөндеу кемінде бір тоқсанға созылса, Қазақстан экспорты ай сайын 3-5% қысқарады. Мұнай өндірушілер өндіріс көлемін азайтуы мүмкін, ал ұлттық қорға түсетін түсімдер төмендейді. Нәтижесінде экономика шамалы қиындыққа тап болады, ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны бәсеңдейді. Дегенмен, өсу толық тоқтамайды – тек аздап баяулайды, қиындыққа қарамастан экономика өсуді жалғастырады.

Үшінші сценарий – ауыр қысым

Егер Украина КҚК-ны мүлде тоқтатса, Қазақстан экспорты мен экономикасы толық паузаға түседі. Белгісіздік пен үлкен қиындықтар туындайды, жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін.

Айбар Олжайдың айтуынша, қазіргі таңда ең бастысы – КҚК-ны бір күнде алмастыру мүмкін емес болғандықтан, Киевпен барлық деңгейде келіссөз жүргізу және кепілдік алу. Сол арқылы ВПУ-2 қондырғысын тез арада модернизациялау қажет.

Орта және ұзақ мерзімді қадамдар:

  • Транскаспий бағытынан, Каспий түбінен өтіп, Әзербайжан арқылы Түркияға шығатын жаңа құбыр жобасын қолға алу.
  • КҚК-ның аналогын жасап, экспортты әртараптандыру.

Экономист атап өткендей, мұнай тек бюджетке түсетін салық қана емес. Мұнай саласына байланысты жұмыс істейтін мыңдаған адамдар мен қалалардың тіршілігі осыдан тәуелді. Мұнайсыз қалу екі-үш қаланың тұрғындарының жұмыссыз қалуына, ішкі сауда мен экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар әлемде мұнайға сұраныс бар болғандықтан, Қазақстан оны сатуын жалғастыруы керек. Мұны дұрыс жолмен ұйымдастыру және үздіксіз экспортты қамтамасыз ету қажет.

Өзгелердің жаңалығы