Бұл туралы Respublica партиясының мүшесі Динара Шүкіжанова КТК телеарнасының тікелей эфирінде өтіп жатқан саяси партиялар арасындағы пікірсайыс кешінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің партия экономикалық өзгерістердің соңғы межесі – қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы екендігін жақсы түсінеміз. Қарапайым ғана мысал келтіре кетейін. Қазақстан бюджетіне түсетін табыс бөлігі 2023 жылы 17 трлн теңгені құрауы тиіс. Ал бюджеттің шығыны 21 трлн теңгеге жетеді деп болжануда. Сәйкесінше, 2023 жылы мемлекеттік бюджет 4 трлн теңгеге тапшы болады. Егер біздің мемлекетті кәсіпорын деп қарастырсақ, ол банкротқа ұшырайтын еді. Қай саланы қалай дамытқымыз келетіні маңызды емес. Оған ақша жоқ. Мен бизнестің ұстанымы тұрғысынан айтып тұрмын, - деп атап өтті Динара Шүкіжанова.
Сонымен қатар ол партияластарының экономиканың нақты секторларында жұмыс істейтін бизнесмендер екендігін алға тартты.
Соңғы 10 жылда біз пандемияны, девальвацияны, санкцияны бастан кешірдік. Күн сайын нақты экономикада жұмыс істеуді жалғастырудамыз. Тәртіптің қашан орнайтынын күтіп шаршадық. Біз басқа тәсілді ұсынғымыз келеді. Біз экономика үшін, Қазақстанның экономикасы табысты болуы үшін жұмыс істейміз, - деді партияның тең төрағасы.