Қазақстан-Чехия қатынасы жаңа деңгейге көтерілді

5 Қазан 2022, 17:26
1148
Бөлісу:
Қазақстан-Чехия қатынасы жаңа деңгейге көтерілді

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Чехияға жұмыс сапары барысындағы басты оқиға бүгін өткен «Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік реформалары және Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесі» тақырыбындағы халықаралық конференция болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Прагадағы елшілігінің бастамасымен ұйымдастырылған конференцияға Шығыс Еуропаның төрт елінен – Мажарстан, Польша, Словакия мен Чехиядан беделді талдау және сараптамалық орталықтардың 20-дан астам өкілі қатысты.

Конференцияны ашқан Р.Василенко жалпы Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың маңыздылығын баса айтып, әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарына ерекше тоқталды. Сарапшылар қауымдастығына соңғы конституциялық өзгерістердің, оның ішінде Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге қатысты қисыны жан-жақты түсіндірілді.

Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Марат Тәжин өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан болашағының стратегиялық қоғамдық тұрақтылығының негізінде жатқан әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына байланысты әлеуметтік саясаттың жаңа контурларын қалыптастырып жатқанын атап өтті.

Конференцияға Шығыс Еуропаның мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдары: Польша Президентінің кеңесшісі Марек Рымша, Чехия Парламентінің депутаты Алеш Юхелка, Чехия менеджмент және қаржы университетінің профессоры Радим Валенчик, Мажарстан сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер институтының профессоры Ласло Ваша, Словак университетінің профессоры Петр Драбик, Венгрияның Экономикалық және аймақтық зерттеулер орталығының профессоры Юлия Варга және Шығыс Еуропадағы талдау орталықтарының басқа да өкілдері қатысты. Сонымен қатар, іс-шара аясында Орталық Азия және Кавказ институтының (Вашингтон) сарапшысы және директоры А.Барро мен Сванте Корнэллдың Қазақстандағы әлеуметтік реформалар тақырыбына арналған жаңа баяндамасының тұсаукесері өтті.

Прагадағы іс-шара шығыс еуропалық әріптестердің соңғы жылдары Қазақстан басшылығы жүзеге асырып жатқан жаңа әлеуметтік саясатқа деген ықыласын көрсетті және қатысушылардың жоғары сараптамалық бағасын алды.

Конференция 2022-2023 жылдар аралығында Еуропа елдерінде кең ауқымды сарапшылардың, мамандардың, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен еуропалық серіктестерді Қазақстандағы әлеуметтік реформалар туралы ақпараттандыру және Қазақстанға қатысты еуропалық елдердің әлеуметтік саясат тәжірибесін ықтимал пайдалану мақсатында өткізілетін бірқатар сараптамалық іс-шараларға негіз болады.

Прагаға сапары аясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Чехия Қоршаған ортаны қорғау министрінің міндетін атқарушы Томаш Тесажбен де кездесті. Р.Василенко атап өткендей, «Қазақстан мен Чехия арасында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, су ресурстарын басқару және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор». Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Чехияның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасында қоршаған орта саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар, Р.Василенко «Аэроводоходы» авиациялық зауытында болып, Чехиядағы ең ірі компаниялардың бірі «Омнипол» компаниясының басшылығымен кездесулер өткізді.

Сапар соңында министрдің орынбасары Чехияның ČTV орталық телеарнасына сұхбат беріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды, алдағы Президент сайлауын, сондай-ақ еліміздің көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясатының қазіргі бағыттарын түсіндіру мақсатында брифинг өткізді.

Өзгелердің жаңалығы