Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин БҰҰ-ның Төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету орталық қорына (CERF) жарналарды жариялау бойынша жоғары деңгейдегі конференциясына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерриш конференция қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Өз баяндамасында Бас хатшы бүкіл әлем бойынша табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың салдарын еңсеру бойынша Қор жұмысының маңыздылығын атап өтіп, БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді Қор қызметіне өз үлесін қосуға шақырды.
CERF (Central Emergency Response Fund) – төтенше жағдайлардан (дүлей апаттар, қақтығыстар және т.б.) зардап шеккен елдерге және оның құрбандарына гуманитарлық және қаржылық көмек көрсету мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясымен 2005 жылғы 15 желтоқсанда құрылған гуманитарлық қор. Қор жыл сайын донорлардан жарналарды қабылдап отырады. Олардың ішінде ең алдымен үкіметтер, сонымен қатар басқа қорлар, компаниялар, қайырымдылық ұйымдар және жеке тұлғалар.
Өз кезегінде Қазақстан, халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі бола отырып, жарналарын жыл сайын енгізіп, Қор жұмысын белсенді қолдап отырады.