Германияның Бонн қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Волонтерлер бағдарламасы аясында Азия елдері серіктестерінің дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға өңір мемлекеттерінің өкілдері, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға қатысқан Қазақстан делегациясы елде жүзеге асырылып жатқан волонтерлік қозғалысты қолдау шараларын таныстырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жобалар жөнінде мәлімет берілді.
Кездесу барысында волонтерлік қозғалысты дамыту, азаматтарды қоғамдық бастамаларға тарту және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесіне жоғары баға беріп, елдің волонтерлікті дамыту ісінде белсенді рөл атқарып отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан Волонтерліктің жаһандық индексін енгізуге қатысатын пилот елдердің бірі болатыны айтылды. Бұл бастама волонтерлік қызметтің қоғам дамуына қосқан үлесін бағалауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.