Қазақстан Білімнің жаһандық индексінде (Global Knowledge Index) Орталық Азия елдері арасында үздік нәтиже көрсетті. 2026 жылғы рейтингте еліміз 155 мемлекеттің ішінде 60-орынға тұрақтап, 100 балдың 48,1-ін жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Рейтингте Өзбекстан 74-орынға, Қырғызстан 83-орынға, Тәжікстан 123-орынға жайғасты. Ал Түрікменстан қажетті деректер жеткіліксіз болғандықтан, жалпы тізімге енбеген.
Зерттеу нәтижелері 24 қарашада Дубайда өткен Білім саммитінде таныстырылды. Индексті Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен Мұхаммед бин Рашид Әл Мактум атындағы Білім қоры әзірлейді.
Қазақстан мектеп білімі бойынша үздік 20 елдің қатарында
Қазақстан ең жоғары көрсеткішке мектепке дейінгі және орта білім беру бағытында қол жеткізді. Бұл санатта еліміз 179 мемлекеттің ішінде 19-орынға ие болып, 69,6 балл жинады.
Салыстыру үшін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің орташа көрсеткіші – 67,6 балл. Еуропа мен Орталық Азия елдерінің орташа көрсеткіші 64,6 балды құрады.
Ал АҚШ бұл санатта 29-орынға тұрақтады. Германия – 17-орында, Өзбекстан 18-орында. Мектеп білімі бойынша Оңтүстік Корея бірінші орынға шықса, Беларусь екінші орынға жайғасты.
Зерттеу барысында оқушылардың біліммен қамтылуы мен үлгерімі ғана емес, бір білікті мұғалімге шаққандағы оқушы саны, мектеп бітірушілердің үлесі және ұлдар мен қыздар арасындағы білім алу теңдігі де ескерілген.
Сонымен қатар балалардың денсаулығына қатысты көрсеткіштер де назарға алынған. Атап айтқанда, бес жасқа дейінгі балалар арасындағы бой өсуінің тежелуі, мектеп оқушылары арасындағы семіздік және жасөспірімдердің буллингке ұшырау жиілігі есепке алынған.
Қазақстанмен бірдей балл жинаған елдер
Жалпы рейтингте Қазақстанмен бірдей 48,1 балл жинаған Катар бір саты жоғары орналасқан.
Салыстырмалы түрде алсақ, Ресей 55-орынға, Беларусь 51-орынға, Грузия 50-орынға, Әзербайжан 79-орынға тұрақтады. Мексика 68-орында, Үндістан 71-орында, Қытай 41-орында.
Рейтинг көшін 69,8 балмен Швейцария бастады. Екінші орында Сингапур, үшінші орында Швеция тұр. Ал үздік бестікке Дания мен Норвегия да енді. Одан кейін Финляндия, Нидерланд, Ұлыбритания және Ирландия орналасқан. Германия алғашқы ондықты түйіндеді.
Индекс қалай есептеледі?
Білімнің жаһандық индексі 2017 жылдан бері жарияланып келеді. Биылғы есеп – оның оныншы шығарылымы. Осы уақыт аралығында зерттеу әдістемесі екі рет, 2021–2022 және 2024–2025 жылдары елеулі өзгерістерге ұшыраған.
Қазір мемлекеттер алты негізгі бағыт бойынша бағаланады. Олар: мектепке дейінгі және орта білім, кәсіптік және жоғары білім, ғылым мен инновация, цифрлық технологиялар, экономика, сондай-ақ экология, әлеуметтік сала және мемлекеттік басқару сапасы.
Жалпы есепте 38 көрсеткіш қамтылған. Деректер 195 ел бойынша жиналғанымен, толық ақпарат тек 155 мемлекеттен алынған.
Әдістемеге енгізілген өзгерістерге байланысты биылғы рейтингтегі орындарды алдыңғы жылдардағы нәтижелермен тікелей салыстыруға болмайды.
Білім – дағдарыс кезіндегі тұрақтылық кепілі
Биылғы баяндаманың тақырыбы – «Өзгермелі әлем дағдарыстарында бағдар табу». Зерттеу авторларының пікірінше, білім беру мен ғылым жүйесі дамыған мемлекеттер түрлі дағдарыстарға төтеп беруге анағұрлым қабілетті.
Бұл байланыс статистикалық деректерден де байқалады. Білім индексінің көрсеткіштері БҰҰ-ның Адам дамуы индексімен тығыз байланысты. Ал рейтингтің жоғарғы ширегіндегі елдердің жан басына шаққандағы орташа жалпы ішкі өнімі төменгі ширектегі мемлекеттерден шамамен 13 есе жоғары.
Баяндамада биылғы Таяу Шығыстағы жағдай да мысал ретінде келтірілген. Өңірдегі ахуалдың шиеленісуінен кейін Парсы шығанағындағы бірнеше елдің мектептері санаулы күн ішінде қашықтан оқыту форматына көшкен. Ливанда оқу жылы уақытша тоқтатылып, 325-тен астам мемлекеттік мектеп қоныс аударған адамдарға арналған уақытша баспанаға айналған.
Зерттеуде жасанды интеллектінің дамуына да ерекше назар аударылған. 2017–2024 жылдар аралығында ЖИ тақырыбындағы ғылыми жарияланымдар саны үш есеге жуық өскен. Сонымен қатар АҚШ пен Қытай әлемдегі жасанды интеллект туралы ғылыми мақалалардың шамамен үштен бірін және осы саладағы патенттердің 60 пайызын иеленіп отыр.