Қазақстан Белградта Ұлы дала мәдениетін таныстырды

Биыл Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отыр.

 Сыртқы істер министрлігі 5 Қазан 2026, 21:19
5 Қазан 2026, 21:19
245
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Белградта жыл сайын өтетін халықаралық Ethnology Fest фестивалі аясында биыл «назардағы ел» ретінде Қазақстанның мәдени мұрасы таныстырылды.

Этнографиялық музейде өткен шараға Сербияның Мәдениет министрі Никола Селакович, Гендерлік теңдік министрі Татьяна Мацура, іскерлік және мәдениет саласының өкілдері, академиялық қауымдастық пен БАҚ өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық корпус мүшелері қатысты. Іс-шара Сербияның Бірінші ханымы Тамара Вучичтің қолдауымен ұйымдастырылды.

Фестиваль бағдарламасында қазақстандық Aspara сән үйінің коллекциясы таныстырылып, қобызшы Акерке Тәжібаеваның орындауындағы музыкалық шығармалар ұсынылды.

Қазақстанның Сербиядағы елшісі Болат Иманбаев Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасы мен дәстүрлерін сақтап, оны заманауи мәдениетпен сабақтастыра дамытудың маңызын атап өтті.

Өз кезегінде Сербияның Мәдениет министрі Никола Селакович мұндай мәдени шаралар екі ел халықтарының арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Биыл Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осыған байланысты мәдени дипломатия екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өтілді.

Фестиваль қонақтары қазақстандық дизайнерлердің жұмыстарына қызығушылық танытып, ұлттық киімдердегі дәстүрлі элементтердің заманауи сәнмен үйлесуіне және қазақтың музыкалық өнеріне ерекше назар аударды.

Ethnology Fest – материалдық емес мәдени мұраны насихаттауға, мәдени бірегейлікті сақтауға және дәстүрлі қолөнерді заманауи сәнмен ұштастыруға бағытталған халықаралық фестиваль. Биыл фестивальдің 10 жылдығы аталып өтті.

Наверх