Қазақстан туы әлемдегі ең әдемі ту деп танылды. Бұл Reddit платформасындағы «Flags of the World» атты ауқымды онлайн-турнирдің нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желі қолданушыларының дауыс беру нәтижесі бойынша Қазақстан туы бірінші орынды иеленді.
Reddit желісіндегі r/flags тақырыптық қауымдастығында барлық ресми танылған мемлекеттер арасында ең үздік ту таңдалды.
Финалда Қазақстанның көгілдір байрағы Кирибати (Океаниядағы мемлекет) туын басып озды.
Қазақстан - біздің чемпионымыз! Барлығыңыз дауыс беріп, бұл туды әлемдегі ең үздік деп шештіңіздер. Қатысқандардың бәріне рахмет! Бұл үлкен әрі өте қызықты жұмыс болды, - делінген жарияланымда.
Үздік төрттікте (Топ-4) сонымен қатар Сейшель аралдары (4-орын), Бутан (3-орын); Кирибати (2-орын) бар.
Сондай-ақ, Reddit-те тағы бір байқау басталды. Енді желі қолданушылары әлемдегі ең үздік елтаңбаны анықтауда. Қазақстан 26-шы топқа түсті.
Онымен бірге бұл топта Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моңғолия, Пәкістан, Мальдив аралдары бар.
Платформа қолданушылары әлем елдері арасындағы ең әдемі мемлекеттік елтаңбаны анықтау үшін дауыс беруді жалғастыруда.