Қазақстан балық өнімдерін қалай ұлғайтпақ

Бөлісу:
Қазақстан балық өнімдерін қалай ұлғайтпақ
Фото: pixabay.com

Мәжілісте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин акваөсіру шаруашылығына қатысты заң жобаларын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес “Акваөсіру туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне акваөсіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңдардың жобалары әзірленді.

Заң жобасының мақсаты - жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, сондай-ақ бәсекеге қабілетті акваөсіру объектілерін өсіру көлемін ұлғайту және олардың қоршаған ортаға және адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы акваөсіруді тұрақты дамыту, - деді вице-министр.

Негізгі міндеттері қандай:

Бірінші, инвестициялық ахуалды жетілдіру және акваөсіру объектілері мен олардың өңделген өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту.

Екінші, инновациялық және индустриалдық технологиялар мен процестердің тиімді енгізілуін қолдау.

Үшінші, акваөсіру субъектілерін мемлекеттік қолдау.

Заң жобасы шеңберінде акваөсіру субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, балық шаруашылығын жүргізу жағдайлары, ғылыми зерттеулер және балық шаруашылығы су айдындары мен жер учаскелерін беру және пайдалану көзделген. Бұдан басқа, мемлекеттік қолдау шараларының, сондай-ақ акваөсіруді дамытуға әсер ететін құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық факторлардың тиімділігін талдау мақсатында акваөсірудің даму жағдайын бағалау қарастырылған, - дейді Аманғали Бердалин Мәжілісте.

Бағалау бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, ал оның нәтижелері Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде ескеріледі.

Сонымен қатар цифрландыру мақсатында мониторингтің ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Ол деректер мен мәліметтерді жинауды және қалыптастыруды, бизнес субъектілерінің тізілімін жүргізуді және акваөсіру объектілерінің қадағалануын жүзеге асырады.

Өзгелердің жаңалығы