Қазақстан азаматтығын алғысы келетін легионерлерге шектеу бола ма?

13 Қараша 2024, 14:29
281
Бөлісу:
Қазақстан азаматтығын алғысы келетін легионерлерге шектеу бола ма?
Фото: Мәди Искаков - архив

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстанның азаматтығын алып алған шетелдік легионерлер жетіп артылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, қазір ұлттық құрамамызда Қазақстанның азаматтығын алып алған шетелдік легионерлер жетіп артылады.

Бірақ олардың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай емес. Оларға келген кезде Үкімет ақшаны да үйіп төкті, азаматтықты да жылдам әрі тез алып берді. Бірақ Париж олимпиадасының алдында Қазақстанның азаматтығын алып алған екі бірдей теннисші ең маңызды сәтте жарысқа қатысудан бас тартқанын да білеміз. Бұл елдің наразылығын тудырды. Болашақ жас спортшыларымыздың жолын кестірмейтін осындай атлеттерден Қазақстан азаматтығын алу үшін министрлік тарапынан заңнамада нақты тетіктер қарастырылған ба? - деп сұрады депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бүгінгі таңдағы негізгі мақсат – отандық мектепті қалыптастырып, өзіміздің спортшыларды қолдау екенін атап өтті.

Заң жобасы аясында Қазақстан азаматтары болып есептелмейтін спортшылар бюджет қаражаты мен квазимемлекеттік сектор қаржыландыруға тыйым салу көзделген. Әрине, біз заң аясында азаматтықты алып, ел чемпионаттарына қатысамын дегендерге шектеу қоя алмаймыз. Бірақ біз нақты әр спорт түрінен барып, дайын спортшыларды елге әкеліп жұмыс істемейміз. Сырт елден ғылыми топтарды тарту, ғылыми институттармен жұмыс істеу, сырт елден бапкерлік корпусты жақсы талдаудан кейін шақырып жұмыс істеу жоспарымызда бар, - деп айтты еліміздің спорт саласының басшысы.

Өзгелердің жаңалығы