Қазақстан-Аустрия ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері талқыланды

27 Сәуір 2022, 20:31
1494
Бөлісу:
Қазақстан-Аустрия ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Венадағы елшілігінде ҚР-дың Аустрия мен Словениядағы құрметті консулдарының, Аустрияның сыртқы саяси және экономикалық ведомстволары өкілдерінің, Аустрия Федералды экономика палатасының вице-Президенті мен Алматы қаласындағы Палатаның сауда өкілінің қатысуымен отырысы өтті. 

Орын алған кездесулер барысында ҚР Елшісі Қайрат Омаров сұхбаттасушыларды саяси реформалар бағдарламасымен және еліміздегі экономикалық және қаржылық ахуалды жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық шаралармен және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі шаралармен егжей-тегжейлі таныстырды. Сұхбаттастар пандемиядан кейінгі кезеңде сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға және адами мен іскерлік байланыстарды қалпына келтіруге ерекше назар аударды.

Қатысушылар қаңтардағы оқиғаларға қарамастан, Қазақстан ішкі жағдайды тез арада тұрақтандырғанын және өңірдегі ең тұрақты, сондай-ақ инвестициялық тартымды ел болып қала беретінін атап өтті.

Сонымен бірге, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарияланған мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуы тиіс демократиялық және экономикалық өмірді қайта құруға бағытталған ауқымды реформаларына оң баға берілді.

Аталған реформалар бағыты толық құпталады және ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды арттыру үшін қолайлы ахуал туғызатыны жеткізілді.

Бұған қоса, қазақстандық дипломат елімізде конфессияаралық келісім мен өркениетаралық диалогты ілгерілету аясында 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі туралы хабардар етті. Оған Католик шіркеуінің басшысы Франциск, әлемнің жетекші діни ұйымдардың делегациялары мен мемлекет өкілдері қатысады деп күтілуде.

Аустриялық тарап конференцияны өткізу идеясын жағымды қабылдап, әсіресе бүгінгі күрделі геосаяси жағдайында Қазақстанның мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты дамытуға, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, дінаралық және конфессияаралық келісімді ілгерілетуге қосқан үлесі мен күш-жігеріне жоғары баға берді.

Осындай жоғары деңгейде өтетін діни форум халықаралық аренада бейбітшілік пен келісімді нығайтуға септігін тигізеді деген сенім білдірілді.

 

Өзгелердің жаңалығы