Қазақстан-Аустрия арасындағы экономикалық ынтымақтастық артады

21 Сәуір 2023, 20:12
809
Бөлісу:
Қазақстан-Аустрия арасындағы экономикалық ынтымақтастық артады
Фото: СІМ

Қазақстан мен Аустрия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты арттыру перспективаларын үкіметаралық комиссия талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан мен Аустрия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Грац қаласында Экономикалық, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау, өнеркәсіптік, техникалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 11-отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Аустрия тарапынан Федералдық Цифрландыру және экономика министрлігінің бас директоры Флориан Фраушер төрағалық етті. Үкіметаралық комиссияның жұмысына екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының өкілдері де қатысты.

ҮАК күн тәртібіне сәйкес Қазақстан мен Аустрияның ағымдағы экономикалық жағдайы, екі елдің үкіметтері экономиканы дамыту бойынша қабылдап жатқан шаралар туралы пікір алмасу болды.

Қазақстан-Аустрия арасындағы экономикалық ынтымақтастық артады

Р. Василенко атап өткендей: «Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында маңызды міндет тұр, бұл жан-жақты жаңғырту қарқынын жеделдету және әлеуметтік-экономикалық дамуда серпіліс жасау». Сонымен қатар, елдегі ауқымды реформалардың барысы туралы хабардар етіп, аустриялық компанияларды қазақстандық нарықты белсенді игеруге шақырды.

ҚР Үкіметінің экономиканы әртараптандыру және инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі шаралары аустриялық тараптың ерекше қызығушылығын тудырды. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілігін растай отырып, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және цифрландыру салаларындағы одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастықты арттыруға өзара қызығушылық білдіре отырып, ҮАК қатысушылары басым бірлескен іскерлік жобалардың тізімін жаңартты және экономиканың нақты салаларында екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға келісті.

Қазақстан-Аустрия арасындағы экономикалық ынтымақтастық артады

Тараптар Қазақстан мен Аустрия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өсуін құптады. Бірқатар ірі аустриялық компаниялар қазақстандық нарықта ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жеңіл өнеркәсіп, аграрлық сектор саласында өз қызметін табысты жүргізуде.

Аустрия тарапынан ҮАК тең төрағасы Ф. Фраушер Қазақстан Аустрияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі болып табылатынын айтып, ҚР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығын назарға алды.

ҮАК отырысы аясында Қазақстандық стандарттау және метрология институты мен «Austrian Standards» арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Іс-шараның қорытындысы бойынша тараптар қорытынды хаттамаға қол қойды.

Сол күні Грац қаласында Қазақстан-Аустрия бизнес-форумы ұйымдастырылды. Оның барысында ҚР инвестициялық әлеуеті таныстырылып, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Өзгелердің жаңалығы