Мемлекет басшысының халықаралық әуехабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз – Аэро» ұлттық компаниясы Алматы мен Астана әуежайларында әуе компанияларын жанармаймен тікелей, яғни «қанатқа құю» тәсілімен қамтамасыз еуді бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Көлік министрлігі мен Энергетика министрлігінің бірлескен шаралары нәтижесінде компанияның өңірлік әуежайлар инфрақұрылымына да тікелей қолжетімділігі қамтамасыз етілді.
Қабылданған шешімдер нәтижесінде Қазақстан әуежайларында әуе керосинінің бағасы тоннасына 1000 АҚШ долларынан аспайтын деңгейге дейін төмендеді. Жаңартылған баға бойынша Turkish Airlines, Fly Dubai, Air Cairo, Somon Air, AJet, Pegasus Airlines, Red Sea Airlines, One Air, Hungary Airlines және Fly Meta әуе компаниялары жанармаймен қамтамасыз етілді.
«ҚазМұнайГаз – Аэро» делдалдарсыз тікелей жанармай құю көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде әуе керосин бағасының кезең-кезеңімен одан әрі төмендеуіне мүмкіндік береді.
Салыстыру үшін, көршілес мемлекеттерде әуе керосинінің бағасы бір тоннасына 1200–1300 АҚШ доллары аралығында.
Сонымен қатар, Қазақстанның 17 әуежайында «ашық аспан» режимі енгізілген. Бұл шетелдік әуе компанияларына Қазақстан аумағына және оның үстімен транзиттік рейстерді еркін орындауға мүмкіндік береді.
Аталған шаралар елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және Қазақстанның авиация саласындағы өңірлік көшбасшылығын нығайтуға бағытталған.