Қазақстан АИИБ-пен ынтымақтастық аясында 6 млрд доллар көлемінде қаржы тартуды жоспарлап отыр

23 Қыркүйек 2026, 10:37
АВТОР
 @AIIB 23 Қыркүйек 2026, 10:37
23 Қыркүйек 2026, 10:37
79
Фото: @AIIB

Қазақстан Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен (АИИБ) ынтымақтастық аясында алдағы бес жылда көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру салаларына шамамен 6 млрд доллар көлемінде жеңілдік шарттарымен қосымша ұзақ мерзімді қаржы тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Құрылтай отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі (АИИБ) арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялауды көздейді.
Қазақстан АИИБ-тің негізін қалаушы елдерінің бірі болып табылады және Банкімен 2016 жылы құрылғаннан бері өзара іс-қимыл жасап келеді.

Серік Жұманғариннің айтуынша, биыл ақпан айында АИИБ президенті Цзоудің Қазақстанға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АИИБ-пен ынтымақтастықтың ерекше маңыздылығын атап өткен.

АИИБ президенті биыл қаңтар айында қызметіне кірісті және өзінің алғашқы сапарын Қазақстанға жасады. Бұл біздің еліміздің Орталық Азия аймағындағы тығыз серіктестігі мен көшбасшылығын көрсетеді, – деді министр.

Сапар барысында негіздемелік келісімге қол қойылды. Құжат АИИБ-пен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуына және елдегі жобаларды тиімді әрі жедел іске асыруға бағытталған.
Келісімде мемлекеттік кепілдікпен қарыздар мен гранттық жобаларды іске асыру кезінде Банктің саясаты мен ережелерін қолдануға байланысты ұлттық заңнамадан өзгеше нормалар белгіленген.
Атап айтқанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік және еңбек стандарттарын, сондай-ақ АИИБ-тің ақпаратты ашу нормаларын қолдану көзделеді.

Жалпы, ратификациялау – Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті стандартты рәсім. Бұл инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, АИИБ – әлемдегі беделді халықаралық қаржы институттарының бірі. Қазақстан Банкімен 10 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтастық жасап келеді. Осы кезеңде энергетика, экономикалық және фискалдық тұрақтылық салаларында жалпы сомасы 1,8 млрд доллар болатын 7 жоба іске асырылған.

Ратификациядан кейінгі алғашқы бес жылда негіздемелік келісім көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру сияқты салаларға шамамен 6 млрд доллар көлемінде жеңілдік шарттарымен қосымша ұзақ мерзімді қаржы тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттік шығыстарды басым жобаларға қайта бөлу арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Келісім күшіне енгеннен кейін бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыстар басталады. Атап айтқанда, «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» және «Мойынты – Қызылжар» автомобиль және теміржол бағыттарын қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасымен тікелей байланысты.

Ұзақ мерзімді перспективада Келісім аясында АИИБ жобаларын іске асыру жалпы ішкі өнімнің өсуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен шағын және орта бизнесті дамытуға, инновацияларды ынталандыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

Айта кетейік, 2020 жылы Қазақстан Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасында осындай келісім ратификацияланған. Сондай-ақ 2026 жылғы сәуірде Халықаралық банк тобымен негіздемелік келісім ратификацияланды.

Жалпы, келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.

Наверх