Қазақстан 7 жыл ішінде цифрландыруда әлемдік үздіктер қатарына енді: Елде не өзгерді?
Қазақстан 7 жыл ішінде цифрландыруда әлемдік үздіктер қатарына енді: Елде не өзгерді?
Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді. Ал интернетпен қамту көрсеткіші 97,5%-ға жетті. Ел цифрландыруда қандай жетістікке жетті?
Қазақстан халқының 97,5%-ы интернетке қол жеткізе алады. Соңғы бес жылда мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі қызметтер саны екі есеге артып, 1333-ке жетті. Бұл туралы Digital Kazakhstan аясында жарияланған мәліметтерде айтылды.
Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және халықтың интернетке қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінде елдегі мемлекеттік қызметтердің кемінде 90,3%-ы электронды форматта қолжетімді. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі қызметтердің құрамы мен саны өзгерген жағдайда да сақталады.
Соңғы бес жылда мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі қызметтер саны екі есеге өскен. Атап айтқанда, 2021 жылы олардың саны 657 болса, 2026 жылы 1333-ке жеткен. Бұл мемлекеттік функцияларды цифрлық форматқа көшіру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Цифрландыру саласындағы жетістіктер халықаралық рейтингтерде де көрініс тапқан. Қазақстан электронды үкіметтің әлемдік рейтингінде 193 елдің арасында 24-орынға тұрақтаған. Сонымен қатар онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік он мемлекетінің қатарына енген.
Ел тұрғындарының 97,5%-ы интернетке қол жеткізе алады
Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірумен қатар, елдегі интернет инфрақұрылымын дамытуға да басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан халқының 97,5%-ы интернет желісіне қол жеткізу мүмкіндігіне ие.
Соңғы жеті жылда бұл көрсеткіш 7,2 пайыздық тармаққа өскен. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге байланыс саласындағы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылған шаралар ықпал етті.
Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар шалғай аумақтарды «Спутник» технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Бұдан бөлек, байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелеріне сәйкес, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда 5G желісін, ал елді мекендерде 4G желісін енгізу жұмыстарын атқарып жатыр.
Ауылдық жерлердегі интернет инфрақұрылымын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері де қолданылуда. Осы бағытта ауылдарға дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобалары іске асырылып жатыр.
Осылайша, Қазақстанда цифрлық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырумен қатар, интернет инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұл шалғай елді мекен тұрғындарының да электронды қызметтерді пайдалануына мүмкіндік беріп, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамытуға негіз болады.