QazaqGaz-тың шығыны 587 млрд теңге болды

25 Сәуір 2022, 16:37
1272
Бөлісу:
QazaqGaz-тың шығыны 587 млрд теңге болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда QazaqGaz ұлттық компаниясы қызметінің тиімділігі мен ашықтығына қатысты мәселе бар. 

Компания шығыны кейінгі жеті жылда 587 млрд теңге болған. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында депутат Ерік Сұлтанов мәлімдеді.

Компания тек тариф төмен болған соң ғана шығынға батқан жоқ, қолданыстағы басқару моделінің жетілмегендігі де әсер етті. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілетін «QazaqGaz» аудитінің нәтижелерін ескере отырып, газ нарығын басқарудың неғұрлым ықшам моделін құру жөнінде шаралар қабылдау қажет, - деп айтты Сұлтанов.

Атап айтқанда, «QazaqGaz» және оның «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазТрансГазАймақ» сияқты еншілес кәсіпорындарының функцияларын қайта қарау қажет, олардың қызметіне қатысты да көптеген сұрақ туындайды.

Мысалы, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректері бойынша «QazaqGaz» басым құқық шеңберінде сатып алатын тауарлық газдың 90%-ын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ іске асырады. Ол өз кезегінде жұмыс көлемінің 70%-ынан астамын сыртқы ұйымдарға аутсорсингке берді. Бұдан басқа, тарату желілерін салу кезінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ жұмыс көлемінің 70%-ын бүгінде нарықта істемейтін бір компанияға берді. Енді бұл жұмыстарды «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өзі орындайтын болып отыр. Сол себепті бәсекелес ортаның болуы және «QazaqGaz», «ҚазТрансГаз Аймақ» сатып алуларына бөгде ұйымдардың тең қолжетімділігі туралы айтудың қажеті жоқ, - дейді сенатор.

Оның пікірінше, бұл фактілер оларды тез арада шешу бойынша шаралар қабылдауды талап етеді.

Өзгелердің жаңалығы