Астанада "Прогрессивті ұлттың іргелі құндылықтары" тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті. Іс-шара этносаясат саласындағы жетекші азаматтардың басын біріктірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми-сарапшылық кеңесі және өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтарының мүшелері қатысты. "Білім беру жүйесіндегі негізгі құндылықтар" тақырыбында "М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова баяндама жасады. Ол білім беру саласындағы жаңа құндылықтар туралы сөз қозғады.
Әрине, қазір тыйымдар заманы емес, бірақ жастар надан, көргенсіз, тәртіпсіз, тәрбиесіз, сотқар, бұзақы болса, нақты бір оң нәтижеге жеткенше қатаң шаралар керек те шығар... Яғни, жоғары оқу орнының миссиясы тек жоғары білім беріп, маман ретінде дайындау емес, тұлғаны қалыптастыру болуға тиіс дер едім. Мұндай миссияны MNU-да, соның ішінде ұлттық құндылықтар, мемлекттік тіл, заңдылық пен заң үстемдігі, академиялық адалдық, қайырымдылық, еріктілік пен мейірімділік, отансүйшгіштік пен ұлтжандылық, тарих пен мәдениет, әскери борыш, халыққа қалтқысыз қызмет етуді – Жастар ісі стратегиясы мен CSI жүйесі қолға алмақ, - дейді ол.
Сонымен кеңейтілген отырыста жастар тәрбиесі қатысты ұсыныстар айтылды.
- Бала тәрбиесіндегі негізгі мәселелерді, соның ішінде, жаппай тәртіпсіздік пен бұзақылық себептерін анықтайтын елдік масштабта орта мектеп балалары арасында кешенді сауалнама жүргізу. Сауалнама нәтижелерінің негізінде кешенді шаралар қабылдау.
- Отбасы институтын, ата-атаны қолдау шараларын күшейту. Соның ішінде, ата-ана баласына тиісті көңіл бөлу, тәрбие бере алуы үшін ата- аналарға жағдай жасау, жастардың спорт және өнермен айналысуына, денсаулығына көңіл, тиісті қаражат бөлу.
- Мектеп өкілдерінің балаларды патронажға алып, жүйелі түрде үйіне барып, үйіндегі ахуалды тексеріп тұру, қадағалау жүргізу (түрік моделі). Сабақ келу мәселесін ерекше қадағаалау, соның ішінде сабаққа жиі келмейтін балаларды қатаң қадағалауға алып, ата-анамен жұмыс істеу – мақсаты 1) баланы бақылауға алып, қолдау көрсету; 2) ата-ананы бала тәртібі бойынша ұдайы хабардар ету (америкалық модель)
"Тәуелсіз Қазақстан ұрпағының құндылықтық бағыттары" туралы өз баяндамасында таныстырған "Жастар" ҒЗО директоры Айсұлу Ерниязова қазақстандық жастардың басты құндылығын атады.
Кез келген сала да бір істі бастамас бұрын ғылыми негізін анықтап алған абзал. Тек сол кезде жұмыс нәтижелі болып өзгерістер орнайды. Бүгін менің баяндамам "Қазақстан жастары, тәуелсіздік жастарының құндылықтары" жайында. Бүгінгі таңда осы баяндама ұлттық жастарды бірінші орынға, ал құндылықтардың арасында “отбасы” деген құндылықты бірінші орынға қояды. Қазақстандық жастар үшін басым құндылықтар: отбасы 72,6 пайыз, достық 32,3 пайыз, және денсаулық 29,9 пайыз. Біз қала мен ауыл жастары болып бөлінбейміз. Себебі, ауыл жастары үшін де, қала жастары үшін де бірінші кезекте отбасы құндылығы тұрады. Сонымен қатар, ауыл жастары өз еліне сүйіспеншілікпен қарайды. Себебі, 68 пайыз жастар туған жеріне деген ыстық ықыласын білдірген. Алайда, ауыл жастарының 10-15 пайызы мүмкіндік болса жақындарымен бірге қалаға көшуді таңдаған. Біз 10 жылдан астам уақыт бойы “Қазақстан жастары” бағдарламасын әзірлейміз. Осы жылы да қандай құндылытар топ үш топқа кіретінін, жастар бағдарламасы арқылы білеміз,-дейді Айсұлу Ерниязова.
Қымбат Спабек